“Әулие Валентин” күні махаббат мерекесі ме?

Әулие Валентин күні немесе ғашықтар күні. 14-ші ақпан әлемнің көптеген елдерінде ғашықтарға орайластырып тойланатын мереке ретінде танымал. Жыл сайын қоғамның пікірі аталмыш мерекені тойлауға байланысты екіге жарылады. Осы ретте қаламыздағы жастардың ойын білу мақсатында «Әулие Валентин күнін мереке санайсыз ба?» деген сұрақтың аясында сауалнама жүргізген едік.
 
Гүлім БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
ҚӨУ 1-курс журналистика мамандығының студент:
14 ақпанды «Әулие Валентин» күні, махаббат мерекесі деп күтетіндер көп. Оны көптеген ел атап та өтеді. Жасырары жоқ, солардың қатарында Қазақстан да бар. Әсіресе, жастар арасында танымал. Ойланып қарасақ, жастардың «Әулие Валентин» күнін тойлауы үлкен қателік. Біріншіден, мереке деп қабылдауға келмейтін тұсы көп. Екіншіден, қазақы болмысқа жат. Өкінішке қарай, жастар арасында ұлттық мереке ретінде қабылдап, тойлайтындар бар. Бірақ біз зайырлы мемлекетте тұрғаннан кейін «тойламау керек» деп нақ кесіп айту қиын. Себебі тойлау немесе тойламау әркімнің қалауында. Дегенмен де, азаматтық пайымым бойынша, бұл мерекені тойлау керек деп ойламаймын. Көбіне бұл күнді мектеп немесе ЖОО қабырғасында жүрген жастар атап өтеді. Олар, әрине, отбасылық өмірді сезініп, өмірдің ащы мен тұщысын татпағандар. Өтпелі кезеңдегі махаббатпен жүріп, от басуы да мүмкін.
 
Ербол МАРАТҰЛЫ,
ҚӨУ 2-курс филология мамандығының студенті:
«Әулие Валентин» күніне деген көзқарасым бейтарап. Тарқатып айтқанда, жақсы һәм жаман тұстары жайлы пікірді тең ұстанамын. Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, әр адам қандай мереке тойлауы керегін өзі шешеді. Қазіргі қоғамда, аға буынның айтуынша, «Әулие Валентин» мерекесі біздің Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күнінің орнын басып, оны қазақи болмысынан айырып, жастарымызды теріс жолға салып жатқандай көрінеді. Себебі, бұл мерекенің тарихы арсыздықтан бастау алады. Әрине, оны біз дін өкілдерінің айтқан уағызы арқылы білеміз. Ал ақыл таразысына салатын болсақ, мерекенің тарихына үңілгеніміз жөн. Негізі, менің ойымша, 14 ақпан күні өзінің сүйген адамына сыйлық сыйлап, оны қуантса болғаны. Осы да жетіп жатыр. Әр мерекенің өзіндік жақсы әрі жаман жағы болады. Біз бойымызға біріншісін сіңіруіміз қажет!
 
Раушан АЗАМАТҚЫЗЫ,
ҚӨУ 1-ші курс студенті:
Көбі 14-ші ақпанды «Ғашықтар күні» дейді. Әр жыл сайын осы күнді күтетін жастардың көп болуы қызықтырарлық жайт. Себебі «Бұл мерекенің мәні неде?» деген сұрақ көптеген адамға ой салары анық. Әсіресе, бұл күн мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушылар мен студенттер арасында кеңінен таралған. Мен мектеп қабырғасында білім алып жүрген жылдары достарым осы күнді асыға күтетін. Бір-бірлеріне тілек жазып, жақсы көрген адамдарына түрлі-түсті жүрек тәрізді окнвертке салып, құттықтау хаттар жіберетін. Сол әдемі хаттарды көп алған адамға тамсанып, қызығатынбыз. Өкінішке қарай, әлде қуанышыма орай, сол кезде мен үшін «Әулие Валентин» күні ешқандай мереке сыңды тойланатындай дәрежеде болмапты. Санам толықсып, уақыт өткесін аталмыш мерекенің түпкілікті қажет емесіне көзім жетті. «Әулие Валентин» мерекесі христиан, католик дінінің ұстанушыларының мерекесі болып саналады. Қазақ жастары мұның түпкі мәнін білмегендіктен, 14 ақпан «Ғашықтар күні» деген атпен тойланып жүр. Аты айтып тұрғандай, «Әулие Валентин» христиан дінінің мерекесін «не себепті қазақ жастары тойлап жүруі тиіс?» деген сұрақ мені толғандырады. Тарихы сан ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан, ұлан ғайыр жерімізде махаббат хикаясына толы оқиғалар қаншама. Әрқайсымыз «Ләйлі-Мәжнүн», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Еңлік-Кебек» сыңды туындыларда жастардың шексіз махаббатына куә болдық. Ендеше, 14-ші ақпан күнін өзге елдің, өзге діннің мерекесін насихаттағанның орнына, қазақ болмысына тән, тәрбиелік мәні зор мерекелерді неге тойламасқа? Бағымызға орай, 15-сәуір «Қозы мен Баян» ғашықтар мейрамы деп бекітілген. «Әулие Валентин» күнін тойлағанша, шынайы махаббатқа толы, құрмет пен сыйластыққа, отбасылық құндылықтарға негізделген 15 сәуір мерекесі тойлану керек. Көрші елдерге еліктегенше, өзіміздің мерекелерімізді насихаттап, ұлттық болмысымызды шыңдап отыру басты парызымыз деп білемін!
 
Бекзод ГАППАРОВ,
ҚӨУ 3-курс студенті:
«Валентин күні» Еуропада және АҚШ-та ұзақ жылдар бойы тойланып келе жатқан мереке саналады. Бұл мейрам қазақ даласына Кеңес Одағы ыдыраған соң, Ресейде етек жайып, кейін қазақ даласына да келді. Солай біз де «заман ағымы ғой» деп өзге жұрттың артынан еріп, тойлайтын болдық. 14 ақпан жақындағанда мектептерімізде барлық оқушы мектеп дәлізіне арнайы әшекейленген жәшік ілумен әлек болады. Абыр-сабыр болып жатқан жасөспірімдерімізге  ешбірі тыйым салмақ түгілі, ескерту жасамайды. Қайта мектеп басшыларының қолдауымен іс-шаралар өткізіледі. Соңғы кездері әлеуметтік желілерде осы «Әулие  Валентин күні» мейрамына балама ретінде «Қыз Жібек пен Төлеген» немесе «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күнін тағайындау мәселесі жиі айтылып жүр. Кейбір жастар 15 сәуір күнін еліміздің ғашықтары «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күні деп тойлап та жүр. Бәлкім, бұл осы мейрамның қазақша баламасы болсын деген ниеттен туған ұсыныстар шығар. Бірақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, бізге еш жақындығы жоқ мейрамды қалай да тойлауға тырысқанымыз жөн бе? Не үшін біз бұл мейрамды тойлауға ұмтылып, балама іздеп, бас қатыруымыз керек? Біреулер, «еш зияны жоқ, жастардың көңіл көтеруіне септігін тигізетін мейрамды тойлағаннан не айып?» деп қарсы шығуы мүмкін. Бірақ, бұл мерекенің мәні әлдеқайда қорқынышты нәтижеге алып келмесіне кім кепіл? Расында, ешкімге жалтақтамай, сүйген жарыңа немесе ғашығыңа сыйластығың мен сүйіспеншілігіңді білдіру үшін қыстың бір күнін күтіп қажет емес тәрізді. Сөз соңында айтарым, бұл мейрамды тойламауды талап етіп, ешкімді тоқтата алмайтынымыз айдан анық. Сондықтан бұл мәселеге деген қарым-қатынасын әркім өзінен, өз жүрегінен табуы тиіс.
 
Сауалнаманы жүргізген Бибіт НҰРМҰХАНОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓