Әкім Әулиекөлдегі құрылысты тексерді
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Әулиекөл ауданына іссапармен барды.


Кеңес барысында тұрғын үй құрылысы, ормандарды қалпына келтіру, аумақты абаттандыру, шағын сәулет нысандарын орнату және басқа да мәселелер талқыланды.
Отырыста Әулиекөл ауданын қалпына келтіруге біздің облыстың барлық өңірлері тартылғаны айтылды.
Сондай-ақ, өңір басшысы тұрғын үйлер құрылысының барысын тексерді. Құрылыс жұмыстары тәулік бойы күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Бүгінде көптеген үйдің қабырғасы көтеріліп, төбелері жабыла бастаған.



«Зардапқа ұшыраған тұрғындармен кездесіп, толғандырған мәселелерін тыңдадық. Жаңа баспанаға ие болу үшін қайда жүгіну керек, қандай құжаттар дайындау қажет деген секілді сұрақтар бойынша ақпарат бердік. Біз осы аласапыран басталған күннен бері халықтың ішінде жүрміз. Қайырымдылық қорына да депутаттардың бәрі бір кісідей қаражат аударды. Кез келген мәселе бойынша көмектесуге әзірміз», – дейді облыстық мәслихат депутаты Бауыржан Тебеев.
Естеріңізге сала кетейік, өрттен зардап шеккен тұрғындарға Әулиекөл кенті маңынан 91 үй салынып жатыр. Қазір 12 гектар аумақта 13 мердігер компания дамылсыз жұмыс істеу үстінде. Тұрғындар жаңа үйлеріне күн суытқанша кіріп үлгермек. Облыс әкімі құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев