ҰЛТ АРҚАУЫ – ТІЛ
Тарих – тіл, тілім дамиды
Кеше де, ертең, бүгін де.
Болашақ бізді таниды
Осы тілмен түбінде.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЙ
«Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту керек», «Ана тілдің мәртебесін арттыру қажет», «Мемлекеттік тілдің аты затына сәйкес болуы шарт» деген ізгі мақсаттағы бастамалар мен ұсыныстардың бүгінде қарабайыр ұранға ұласқып кеткені сондай, базбіреулер үшін мағынасы жоқ, жай ғана сөз тіркестері болып кетті…
Дегенмен, ұлттымызды өзге ұлыстардан ерекшелейтін бірінші белгі тіл екенін түсіну дәрежесіне жетпегендердің оны қажетсінбейтіні үшін ана тілімізді өзіне лайық биікке көтеруге ұмтылмау бар қазаққа да, әр қазаққа да сын.
Кеңес үкіметнің соңғы жылдары қазақ тілінің неге осыншама мүшкіл хәлге түскенін қазір елдің бәрі білсе керек. Иә, бұл – қазақ тілін тіл ретінде, қазақ ұлтын ұлт ретінде жер бетінен біржола жойып жіберуге арналған қатігез саясаттың тікелей әсері еді. Олай емес десек, 700 (кейбір дәлелді деректерге сүйенсек 1500-нан астам) қазақ мектетерінің бір жылда жабылу науқанын қалай түсіндіруге болады? Қазақстанның солтүстік, орталық аймағындағы облыс орталықтарында қазақ тілінде оқытатын мектептерді, (әйтеуір бар деп айту үшін) бір бірден ғана қалдырылуы да осы құйтырқы да, қатігез саясаттың айғағы.
Сонымен, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту кім үшін және не үшін қажет?
Біріншіден, қазақ үшін керек, себебі тіл құрыған жерде ұлт жоғалады. Дәлірек айтсақ, тілмен бірге сол ұлттың ғасырлардың сынынан өтіп, қазіргі күнге жеткен салт-санасы, әдеп-ғұрпы, ата дәстүрі, тәлім-тәрбиесі, ән-жыры, ауызша-жазбаша әдебиеті, тіпті тарихы да, басқаша сөзбен айтқанда, барлық ұлттық құндылықтары құрдымға кетеді.
Сонда не қалады дейсіз бе?
Тіпті, өзге ұлт өкілдерімен некелеспеген күйдің өзінде тек түріңіз қалады. Бірақ, қанша тырысқаныңызбен түрінен басқа түгі жоқ, барлық ұлттық болмысынан жұрдай мұндай адамдарды өзге ұлыстар өгейсітіп, үшінші сорттағы пақыр ретінде қабылдайды һәм сыйламайды. Тағы бір айта кететін жайт, өзін өзгелерден айрықшалайтын тілі мен ділінен айрылған мұндай дүбәра жан тек өз ұлт өкілімен некелеседі деу ақылға сыймайды. Демек, бүтіндей бір халық ұлт ретінде жер бетінен жойылып жүре береді.
Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елін, жерін, тарихын қастарлеуге тәрбиелеу ең алдымен тілден бастады. Демек, жаңа туған нәресте өміріне қажет нәрді ана сүтінен алса, рухани қорегін ана тілінен алуы керек. Осылай болғанда ғана біз тұғырымыз мығым, арқауымыз мықты ұлт болып қаламыз.
Екіншіден, осы мемлекетте тұратын кез келген адам үшін. Адамдар бір-бірімен бір тілде түсініскен жерде келеңсіздік, басараздық аз болады. Сондай-ақ ол тілдің сол елдің байырғы халқының тілі болуы заңдылық. Әлем елдерінің бәрінде де осы қағида берік қалыптасқан, тіпті ешкім неге бұлай деп сұраймайды да, ойламайды да. Себебі, ол ұлттың тілін білмесең, сен ешкімге керек емессің.
Қазақстанда қазақ тілі ұлттармен ұлыстарды, жалпы адамдарды бірлікке, бауырмалдыққа, ынтымаққа шоғырландыратын ең басты құрал болуы керек. Біріншіден, бұл – Атазаңда жазылған мемлекеттік тіл. Екіншіден, 2021 жылғы ресми санақ бойынша Қазақстандағы қазақтардың үлесі – 70,4, орыстардың үлесі – 15,5, басқа ұлт өкілдері – 14,1 болса, ортақ тіл қазақ тілі болмағанда қай тіл болуы керек? Мұның сыртында қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері біздің елімізде ерекше құрметке ие екеніне де ешкімнің дауы болмасы керек.
Демек, қазақ тілін білу адамдардың ұлтына, нәсіліне, діни көзқарасына қарамастан кімге болса да қажеттілік. Өкінішке қарай, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып саналғанымен, қолданыста осы статусына сәйкес биікке шыға алмай тұр, шығара алмай тұрмыз…
Енді не үшін керек деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Тілдің қолданыс аясы барынша кең болса, өмірдің барлық аспектілерінен неғұрлым терең орын алса, соғұрлым осы мемлекеттің экономикасы да жақсы қарқынмен дамиды, елдің хал-ахуалы барынша жақсара түседі. Мұны дамыған елдердің қай-қайсысы да жақсы біледі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өз тілдерінің қолданыс аясын саналы түрде тарылтқан немістер елдегі экономикалық өсудің күрт тоқырауының негізгі себебін осылай түсіндірген. Осыдан кейін олар барлық ғылыми терминдер мен өндіріс салаларына қажет атауларды өз тілдерінде қайта қолданысқа енгізген. Қазіргі таңда Германия «Үлкен Жетілік» деп аталатын жоғары дамыған елдер санатында екенін бәріміз де білеміз.
Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында өмірге келген лингвономика немесе тіл экономикасы ғылымы жекелеген адамның тіл қолданыс деңгейінің ел экономикасына қаншалықты әсері барын зерттейді. Енді ғылымның осы саласы біздің жағдайымызда елдің келешек экономикасына қаншалықты әсерін қарастырайық. Егер қазақ тілін өндіріс салаларының барлығына бірдей енгізбейтін болсақ, өзін қандай да бір салаға дайындап жүргендер (қандай ұлт өкілі болмасын) қазақ тілін қажетсінбейді, оқып үйренбейді. Осыдан келіп қазақ тілінің адамдар арасындағы қатынас құралы ретіндегі рөлі төмендейді, бірақ біржола жоғалып кетпейді, себебі оны қажетсінетіндер, насихаттайтындар бар. Осыдан келіп тіліміз не анда жоқ, не мұнда жоқ дүбара күйге түседі. Бұл біздің қазіргі жағдайымыз десек те болады. Ал тіл өмірдің барлық бағытын бүтіндей қамтитын болса, біріншіден оның келешегіне сенім арттатындардың санының көбеюі, екіншіден, осы тілді игермеген жағдайда қалаған жұмысыңа тұрудың, белгілі бір әлеумет статусқа ие болудың, карьерлік өсудің шектеулі болуы адамдарды оны оқып үйретуге итермелейді. Осыдан келіп елдегі экономикалық кеңістік бір тілге көшіп, мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік дамуы жаңа қарқынға, соны серпінге ие болады.
Бұдан шығатын қорытынды, біз еліміздің экономикалық өсуінің жоғары қарында болуын қаласақ, елдегі әр адамның әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін дамыған елдер қатарында көргіміз келсе, осы ел азаматтарының ауызбірлігі, татулығы баянды болсын десек, тілімізің қолданыс аясын кеңейту қазіргі жағдайда бірден-бір қажеттілік болып есептеледі.
Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне де үйренудің еш қиындығы жоқ. Қазақстанның түпкір-түпкіріне кешегі солайқай саясаттың ықпалымен тарыдай шашылған немістер мен кәрістердің осы тілді жылдам және таза меңгеріп кетуі осының нақты дәлелі бола алады. Олар жергілікті халықтың тілін үйренуді қажеттілік деп санады да, таза қазақша сөйлеп үйренді. Ал, соңғы уақытқа дейін өздерін «орыс әлемінің» өкілі санап, қазақ тілін бұратана халықтың тілі, оны оқып үйренудің керегі жоқ деген ұстанымдағы өзге ұлыстар бұл тілді үйренуден бас тартты, сөйтті де үйренген жоқ. Орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқыту жәй әшейін көзбояу қалыпқа жетті.
Шынтуайтына келгенде, қазақ тілі көне түркі тіліне, оның байырғы қалпына ең жақын сақталған тіл болып есептеледі. Қазақ тілінің көптеген сөздері түркі тілдес халықтар тілінде жиі кездеседі. Осы себепті де түркі тілдес елдердің көпшілігі қазақ тілін тез түсінеді, жылдам меңгеріп кете алады.
Егер қазақ тілінің әуезділігіне (мелодичность) келетін болсақ, ол – тіпті керемет. Оны бүкіл әлем жұртшылығына Димаш Құдайберген дәлелдеп берді емес пе?!! Қазақ тілін, елін, жерін танытуда қазақтың бұл ұлына бүгінде тең келер ешкім жоқ екенін әркім де мойындаса керек. Димаш арқылы қазақ елі туралы бірінші рет естіп білген миллиондаған көрермендердің ішінде қазақ тілін үйренгісі келетіндер саны да арта түсуде.
Димаштың ізін басып төрткүл дүниені дүр сілкіндіре «оятып» жатқан біздің әнші жастарымыз қаншама! Әрине, олар туралы әңгіме бөлек. Дегенмен, мынаны қараңызшы, әнші Гүлмира Ізбасханова орындаған «Сені сүйем» әнін ютубта бір жылдың ішінде 37 млн адам көріп, 30 мың адам пікір жазып қалдырыпты және оның кемі 90 пайызы басқа ұлт өкілдері, шетел тыңдармандары. Әр екінші адам «әттең, сөзін түсінбейтінім-ай» деп өкінген.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін түйіндер болсақ, қазақ тілі қандай деңгейге болса да көтеруге лайық тіл! Енді осы тілді дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту үшін әр қазақ, әр қазақстандық не істеуі керек деген сауалға жауап іздеп көрелік.
-
Әр қазақ бір-бірімен қазақша сөйлессін, шама-шарқынша. Білетіндер сөйлесін, нашар білетіндер тырыссын. Сайып келгенде бұл оның ана тілі ғой! Жүзіп үйрену үшін жүзу керегі сияқты сөйлеп үйрену үшін сөйлеу керек. Бірден сөйлеп кетпедің деп ешкімді жазғырмайық. Талпыныс жасаған әр қандасымызға қолдау көрсетейік, көмектесейік;
-
Халыққа қызмет көрсететін мекемелер қызметшілерінің қазақ тілін білуін талап етейік. Тіл үйренуге талап қылған қызметшілерді сол салада жиі қолданылатын терминдерді, сөз тіркестерін, сөйлемдерді үйрететін нәтижелі жедел курстардың мүмкіндіктерін қарастырайық;
-
Мекемелерде қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын түрлі қызықты жарыстар ұйымдастырайық.
-
Қазақ тілін насихаттайтын, оның ерекшеліктерін сипаттайтын, көпшіліктің оқып үйренуге деген ынтасын арттыратын материалдарды баспасөз бетінде, теледидарлық бағдарламаларды жиі қолданайық;
-
Тілімізді құрметтейік, көшедегі жарнамалар мен маңдайшалардағы жазуларда қазақ тілінде қате жазылған сөздерді көрсек, бұл туралы құзырлы органдарды хабардар етейік, газет бетіне жариялайық, тілімізді сыйламай, қалай болса солай пайдалануға жол бермейік;
-
Қазақ мектептерінде оқушылардың сабақ кезінде ғана емес, үзілісте, сабақтан тыс жұмыстарда (үйірме, секция, т.б.) ұстаздармен, бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеуді талап етейік;
-
Жанұяда тілдік қарым қатынас қазақ тілінде болуына күш салайық. Әсіресе, аналар балаларымен туған тілімізде сөйлесейік;
-
Мектептерде ата-анамен балаларымен бірігіп команда құрып «Қазақы отбасы» атты көңілді сайыстар өткізейік;
-
Осы жұмысқа жастарды көбірек тартайық. Өмірдің ағымынан қалмай қазақ тіліндегі әлеуметтік желілердің, сапалы сайттардың, түрлі бағыттағы материалдарды қамтитын қызықты контенттердің (байланыс арналардағы барлық материалдар жиынтығы) пайда болуына мұрындық болайық;
-
Қызықты кездесулер, пікір алмасулар, танымал тұлғалармен жүздесіп, олардың өмір жолын, шығармашылық бағыттарын жастармен таныстыру жұмыстарын түрлі интернеттік желілер арқылы қазақ тілінде пайда болуына күш салайық;
-
Әлемдік деңгейдегі тұлғалардың ойларын, кітаптарының тезис күйінде қысқартылып берілген кеңестерін қазақшаға аударайық;
-
Жастардың қазақ тілінде әртүрлі бағыттағы небір қызықты роликтер, қысқаметражды фильмдер түсіруіне мүмкіндік жасайық.
Жалпы, жастарды осы бағыттағы үлкен бір күш, сарқылмас ресурс ретінде пайдалана отырып, оларға осы елдің ертеңі өздері екеніне сендіре, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелей алсақ, алмайтын қамалы, шықпайтын шыңдары болмас!
Бұл айтылған шаралар осы бағыттағы игі істердің бір бөлігі ғана. Негізгі жұмыс түрлері мен ауқымды істер толқыны онымен тікелей айналысқан кезде пайда болады. Оны ойлап табатын да, жүзеге асыратын да жоғарыда айтқан жастар.
Рас, мұндай жұмыстарды жүзеге асыруға қаражат керек. Оның да түрлі жолдарын ойластырайық: әртүрлі бағыттағы тендерлерге қатысып, ұтып алуға тырысалық. Елім, жерім, тілім деген ұлтжанды кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдерін мұндай игілікті іске тарталық, «Тіл қорын» болмаса «Жастар қорын» құрудың мүмкіндіктерін қарастырайық, Үкіметпен бірлесіп жақсы жобаларды іске асыруға күш салайық. Қысқасы, қарап қалмай, тіршілік жасайық.
Ұлттың келешегі, тілдің ертеңі үшін атқарылатын мұндай ауқымды істі «көп көтерген жүк жеңіл демекші» ел болып жұмылғанда, Үкімет қолдағанда жүзеге асары хақ. Демек, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығырып сөзден іске көшкеніміз дұрыс шығар.
Сөз соңында айтарымыз, еліміздің ертеңі арайлы, болашағы жақын, әлем елдерінің қай-қайсымен де терезесі тең болсын десек, алдымен туған тілімізді тұрақты тұғырына қондырайық, ағайын!!!
Әбутәліп ӘМІР,
ҚЖО мүшесі
Қостанай қаласы