Сұңғыламен сұхбат
Қазақтың әйгілі жазушысы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдік жақында 75 жасқа толды. Осы мерейтойға байланысты, Л.Толстой атындағы ОҒӘ кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен, қостанайлықтар қаламгермен телекөпір арқылы байланысқа шықты.
Төлен Әбдікке құттықтау лебізін айтып, көкейдегі сауалын жолдауға, оның келелі әңгімесін тыңдауға Ғ.Ахметшин, Н.Мұқатов бастаған зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ жас қаламгерлер мен студенттер жиналды. Ал экранның арғы бетінен мерейтой иесімен қоса, Қойшығара Салғарин, Қажығали Мұхаметқалиев, Серік Тұрғынбеков, Ғалым Байназаров сынды белгілі тұлғалар ыстық сәлемдерін жолдады. Кездесу аясында қостанайлықтар әйгілі жазушыны мерейтойымен құттықтап, жылы лебіздерін жолдады. Ал жастар жағы Төлен Әбдіктің шығармашылығына қатысты сұрақтарын қойды. Байқалғаны, оқырмандарын оның "Оң қол", "Парасат майданы", "Ақиқат" сынды т.б. философиялық, психологиялық иірімдерге бай туындылары ерекше қызықтырады екен. Сұңғыланың тұщымды әңгімесін бәрі ұйып тыңдады.