Көптен күткен қуаныш

Сүйінші, ағайын! Қостанай қаласындағы "Юбилейный" шағын ауданында орналасқан №49-үйдің кілтін тұрғындарға тапсырды. Осынау қуанышты сәтті иелері төрт жылдан бері күтіп жүрген болатын. Салтанатты рәсімге облыс басшысы Құмар Ақсақалов пен қала әкімі Марат Жүндібаев қатысты.
Сән-салтанаты жарасқан іс-шараға жиналғандардың қарасы көп болды. Әсіресе, пәтер иелері мәз-мейрам. Облыс әкімінің қолынан пәтер кілттерін алып, естелік суреттерге түсіп жатты. "Көптен күткен қуаныш" дегеніміз дәл осы шығар. Себебі, тұрғындар ақжолтай хабарды 2019 жылдан бері күтіп жүрген еді.
– Құрылыс жұмыстарының мерзімінен кешеуілдегені бәріңізге мәлім. Әлемдік пандемия және басқа да белгілі себептер жұмыстың уақытында аяқталуына кері әсерін тигізді. Ең бастысы, біз құрылысты аяқтадық. Жаңа қоныс иелерін құттықтаймын! Отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Шаңырақтарыңыз шаттықа толсын!, – деді облыс басшысы Қ.Ақсақалов.
Бес қабатты тұрғын үй "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынды. Мұнда барлығы 110 пәтер бар. Соның ішінде қырық пәтер – үш бөлмелі, отыз пәтер – екі бөлмелі, қырық пәтер – бір бөлмелі. Бұл – көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға арналған арендалық үй.
Тұрғын үйдің құрылысы туралы аз-кем ақпарат бере кетсек. Бұл нысанның құрылысы сонау 2019 жылы басталған еді. Әуелгі мердігер "Вакхстрой" ЖШС өз міндетін толық орындамай, салдарынан қалалық әкімдік арадағы келісім-шартты бұзуға мәжбүр болды. 2022 жылдың күзінде мемлекеттік сатып алу порталында қайтадан  конкурс жарияланып, жаңа мердігер ұйым анықталды. Жергілікті билік "Қазбайлық Астана" ЖШС-мен жаңа келісім-шарт жасап, ұзақ жылдық құрылысты қысқа мерзім ішінде тәмамдауды тапсырды. Құрылыстың аяқталар күнін күте-күте төзімі таусылған тұрғындар, былтыр, жаңа жыл қарсаңында қала әкімі М.Жүндібаевпен кездесіп, өкпе-реніштерін айтқан еді. Сол кездесуге біз де куә болып, іс-шараның жай-жапсарын газетіміздің өткен нөмірлерінде жаздық. Қала әкімі Марат Жүндібаев қаңтардың аяғына дейін үйді иелеріне табыстаймыз деген уәдесін де берді. Бүгінгі күні Қостанай қаласының әкімі уәдесінде тұрып, пәтер кілттерін табыстап отыр.
Суретте: Жаңа қоныс иелері Қайрат және Гүлдана Камзина отбасымен бірге; салтанатты іс-шарадан көріністер.
 
Қымбат ДОСЖАНОВА.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓