“Таған” театры Аманкелдіде
Таяуда ғана құрылған «Таған» театры өңірдің оңтүстік аудандарына іссапарға шығып, «Ахмет — Әлихан» атты қойылымдарын ұсынды. Көрермендердің жас театрға ықыласы ерекше.
– Өткен жылдың қараша айының соңында алғашқы премьерамыз өтіп, шымылдығымыз ашылды. «Ахмет — Әлихан» атты қойылымды ұсындық. Пьесаны жазған әрі қоюшы режиссер ҚР халық әртісі, драматург, режиссер Ерсайын Төлеубай. Ерсайын ағамыз І. Омаров атындағы театрда 15 жылдай қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеген. Сол шәкірттері қазіргі таңда жеке театр ашып отыр. Жалпы «Таған» сөзін қай жағынан алып қарасақта мол мағына жатыр. Таған көктем де алғаш келетін құстардың бірі. Халқымыз тағанның келуін жақсылыққа балап, оны көрудің өзін ғанибетке санайды. Облыс бойынша жастардан құрылған алғашқы өнер ордасы ретінде, ізгі мақсатпен атауын осылай қойдық. Қасиетті Торғай жерінде болып, өнер көрсеттік. Олар жақсы қарсы алып, ыстық ықыластарын білдірді. Батыр атындағы ауданға қарасты Үрпек ауылына да бардық. Жиналған халықтың қарасы көп болды. Тіпті, сыймаған кейбір көрермендер тапжылмастан түргеп тұрып көрді. Енді, міне, аудан орталығына ат басын тіреп жатырмыз — дейді Нұрлыбек Кенжахметов.
Қойылымды көрушілердің ішінде жастардың алар орны ерекше. Бұрындары мектеп оқушылары сахналық қойылымдарды көруден қашатын. Бүгін де бәрі керісінше. Жиналған мектеп оқушылары ыстық ықыласпен тамашалады. 9-шы сынып оқушысы Ажар Тойшыбектің айтуынша саяси қарым-қатынастардан бастап, Қаракөз бен Ахметтің арасындағы ақ сезім, абақтыда отырған Ахаңның күйзелісіне дейін жоғары дәрежеде үйлесім тапқан. Бірінші рет барған қойылым тағы да баруға, келесі театрлардың келуін асыға күтуге себепкер болып, керемет әсер қалдырған. Ұлт Ұстазы Ахметтің сана – сезімін, мақсатын сағатқа жуық уақыт ішінде керемет дәрежеде жеткізген көрінеді.
Аталмыш пьесаны көру үшін жергілікті билік өкілдері, мекеме мен ұжым басшылары, қызметкерлері де келген. Ұстаздар қауымы да көрермен арасынан белсенділік танытқандары анық байқалады.
— Керемет әсер алдым. Өткен мен бүгінгі қазақты салыстыруға мүмкіндік туды. Ұлт үшін туған ұлдардың жан айқайын естідім. Ахмет пен Әлихан аталарымыздың бейнесі анық үйлесім тапқан. Ауданымызда осындай сүбелі, халыққа рухани тыныштық сыйлайтын мәдени шаралар көп болса қуанар едік. Қойылымды көру үшін маған қарасты сынып оқушылары өздері ынта білдірген болатын. Олар да кәсіби әртістердің қойылымдарынан ерекше әсер алғандықтарын жеткізіп, алғыс білдіруде, — дейді Б. Қолдасбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Айзада Амантаева.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ.
Аманкелді ауданы.