Аймақтан қандай хабар бар?
Құйылсын көшің…
Облыс. Биыл Қостанай облысына 150 қандас келіп қоныстанады деп болжанып отыр. Олардың саны әлдеқайда өсуі де мүмкін. Атажұртқа оралғысы келетін этностық қазақтардың көшіп қонуына 70 АЕК көлемінде субсидия беріледі. Белгіленген межеде үй жалдау ақысы да төленеді. Олармен бес жылға келісім-шарт жасалады. Былтыр аймақтық квотамен облысқа 301 қандас көшіп келген.
Жүкті әйел көз жұмды
Қостанай. Жүкті әйелдің қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдеммен қалалық перинаталдық орталыққа келген. Тексерістен кейін әйел дәрігерлер кеңесіне құлақ аспай, үйіне шығып кетеді. Екі сағаттан соң ес-түссіз ауруханаға қайтадан жеткізіледі. Дәрігерлер кесар тілігін жасап, баланың өмірін аман алып қалды. Ал анасы бес күн комада жатып, көз жұмған. Марқұмның миына қан құйылғаны дәлелденді.
Батыр атындағы турнир
Рудный. Қазақ батыры Амангелді Имановты еске алуға арналған қоян-қолтық жекпе-жектен турнир өтті. Оған облыстың барлық өңірінен 150 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысында 1-орынды рудныйлық «Легион» спорт клубы жеңіп алды. 2-орынға «Сабыр» СК тәрбиеленушілері ие болды. Ал 3-орын қостанайлық командаға бұйырды.
Ауылдар атауы қазақшаланады
Б.Майлин. Набережный ауылдық округі мен Елизаветинка ауылының атауы өзгеруі мүмкін. Бұл туралы өңір әкімдігінің қаулысы мен мәслихаттың бірлескен шешім құжатында жазылған. Қос елді мекен де Байшуақ деген атау иеленеді. Құжат 1 ақпанға дейін көпшілік талқылауда болмақ.
Жоғалған жылқылар тәулік ішінде табылды
Амангелді. Аудандық полиция бөліміне Құмкешу ауылының тұрғыны өтінішпен жүгінді. Ол былтыр 23 желтоқсанда еркін жайылымнан 6 бас жылқысы жоғалып кеткенін айтты. Шығын сомасы – 2 млн 850 мың теңге. Ол осы уақытқа дейін жылқыларын өз бетінше іздеп табуға тырысқан. Әрекетінен қайран болмағасын 16 қаңтарда полицейлерден көмек сұрады. Тәртіп сақшылары жоғалған жылқыны тәулік ішінде ауылдан жүз шақырым жерден тауып берді.
Қасқырлар қадағалауда
Науырзым. Биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы он күн бойы жазық дала қасқырларының қозғалыс бағытын қадағаламақ. Әр жерге фототұзақ қойылып, олардың үйірленуі, жалпы саны анықталады. Мұндай мониторинг соңғы рет үш жыл бұрын жүргізілген. Ол кезде бір құртқаның мойнына GPS-трекер қарғыбауы салыныпты. Ол бүгінде істен шыққан.
Су мұнарасы істен шықты
Жангелдин. Әлеуметтік желіде су айдаушы мұнараның жөндеу қажеттігін көрсететін видео тарап кетті. Мұнарадан аққан су қалың мұз болып қатып қалған. Тұрғындар мұның жиі істен шығатынын айтады. Кесірінен Торғайда жиі су болмай қалатын көрінеді. Ал аудан әкімі Шота Оспанов бұл ақаудың күзде пайда болғанын, оның күн жылынғанда ғана жөнделетінін айтты. Бастысы, ауыл сумен қамтамасыз етіліп отыр.