Жылы аялдама – жарты бақыт
Қазір қоғамдық көлік мәселесі әлеуметтік желіде жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Әсіресе, қыстың көзі қырауда жұрт далада бүрсең қағып, автобус күтеді. Қостанайда 259 автобус бар. Оның 206-сы ескірген. Сондықтан, бұл мәселені де жолаушы тасымалдаушы компаниялармен бірлесіп, жедел шешу керек. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тиісті мекеме басшыларына осындай тапсырма жүктеді. "Екіншіден, жылы аялдамалар салу қажет.Оның өміршеңдігін Астана тәжірибесінен көріп отырмыз. Әбден қалыптасқан жоба. Әлі күнге дейін көп адам автобуспен жүреді. Біздің өңір қысы қатты әрі ұзақ солтүстікте орналасқанын ескерсек, жылы аялдамалардың қаншалықты қажеттігі айқын сезіледі. Ал, облыс орталығында бір-екілі ғана жылы аялдама бар. Мүмкін, бұл іске кәсіпкерлерді тарту керек шығар. Олар әлгі аялдамаларды тұрғызып, өз балансына алуы керек. Бір бөлігін арзан бағамен жалға беруге де болады. Сосын, аялдамалар қаланың келбетіне сай архитектуралық дизайнмен безендірілуі тиіс,-деді өңір басшысы.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков