Жүз келі есірткі өртелді (ВИДЕО)
Қостанай полицейлері қылмыстық іс шеңберінде заттай дәлелдемелер ретінде заңсыз айналымнан алынған 100 келіден астам есірткі заттарын жойды.Өткен жылы тамыз айында "Қарасора – 2022" жедел алдын алу іс-шарасы аясында Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өңірге есірткі жеткізу арнасының жолын кескен еді. Рейд кезінде "Қостанай-Әулиекөл-Сұрған" тас жолының 107-шақырымында "Lada Largus" көлігін тізгіндеген Қарабалық ауданының 46 жастағы тұрғыны ұсталған болатын. "Тінту барысында көліктің салонынан өсімдік тектес зат салынған үш қап тәркіленді. Салмағы 100 келіден асатын бұл заттың кептірілген марихуана екенін сараптама дәлелдеп берді. Алғашқы тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде аталған есірткінің ірі партиясы облысқа еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеткізілгені анықталды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау және ірі және аса ірі көлемде өткізу) бойынша сотқа жолданды", – дейді облыстық ПД баспасөз қызметі мамандары.Есірткіні жою акциясы қоқыс полигонының аумағында өтті. Процесті арнайы комиссия бақылап отырды.
Өткен жылы полицейлер 300 келіге жуық түрлі есірткі заттарын жойған.