Жоғалған жылқылар тәулік ішінде табылды
Амангелді ауданының полиция бөліміне Құмкешу ауылының тұрғыны Ерқанат Ержігітов өтінішпен жүгінді. Ол өткен жылдың соңында, 23 желтоқсанда еркін жайылымнан 6 бас жылқысы жоғалып кеткенін айтты. Шығын сомасы – 2 млн 850 мың теңге. Осы уақытқа дейін Ерқанат жылқыларын өз бетінше іздеп табуға тырысқан. Әрекетінен қайран болмағасын 16 қаңтарда полицейлерден көмек сұрап келіпті.
"17 қаңтарда, іздеу іс-шаралары барысында Амангелді ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері криминалдық полицияның жедел уәкілі, полиция капитаны Бақтияр Шөптібаев және патрульдік полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Ерғали Жанарбаев жоғалған жануарларды Құмкешу ауылынан 100 шақырым жерден тауып, мал иесіне қайтарып берді", – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі мамандары.
Мал иесі Амангелді ауданының полиция бөлімінің қызметкерлеріне зор алғысын білдірді."Жылқыларымның қайта табыларынан үмітімді үздім, өйткені оны өзім таба алмадым. Содан кейін не де болса полицейлерге жүгінуге шешім қабылдадым. Үмітім ақталды. Сіздерге көп рахмет, қызметтеріңіз табысты болсын", – деп жазды Ерқанат Ержігітов.