“Асүй атамандарына” қарсы күрес
"Учаске" жедел алдын алу шарасы аясында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің қызметкерлері тұрғынжайларды аралап, отбасыдағы жанжалшылдарға қадағалау жүргізуді қолға алады. Оған дейін, күні кеше Жітіқара АІІБ мен Қостанай ҚІІБ қызметкерлері тәртіпсіздер тіркеуіне алынған "шаңырақты шайқағыш" басбұзарлармен жүзбе-жүз әңгімелесті. Бұл шараға дін өкілдері мен дағдарыс орталығының мамандары да қатысты.Алдын алу жиынының тізгінін Қостанай аудандық ІІБ ЖПҚ басшысы орынбасарының міндетін атқарушысы полиция подполковнигі Алмат Хамитов ұстады. Ол отбасы жанжалшылдарын іс жүзіндегі заң тәртібін бұзбауға шақырып, қиыс қадам басқан жағдайда қандай жазаға тартылатындары туралы ақпарат берді. Тыңдаушылар ішінде мінез-құлқын өзгертуге қатаң талап қойылған тұлғалар, сондай-ақ ішімдік соңына түскен азаматтар болды. Оларға ақыл салуға Затобол кентіндегі Маңдай батыр мешітінің найб имамы Абзал Бейсекеев және Иконо-Казан Құдай анасы шіркеуінің қызметкері Андрей Крупин де атсалысты. "Асүй атамандарының" "сағын сындыруға" бағыттап, облыстық ІІД өкілдері де баяндама жасады. Қолға алынған шаралар туралы жан-жақты мәлімет берді.Семинарда дағдарыс орталығының жұмысы да зейінсіз қалған жоқ. Тіпті Нина Косюк есімді отбасы психологы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың сұрықсыз салдары арқылы санаға қозғау салатын тренинг өткізді. Шара соңында "өздерін өзгерткісі келетін" тыңдаушыларға жекелеген кеңестер айтылып, сұрақтарына жауап берілді.