Шаңырағым – шаттығым
Суреттегі жарасымды жұп Олжас пен Әсел "Жас шаңырақ" өңірлік бағдарламасы бойынша баспаналы болды. Үй алуға үміт сыйлаған жаңа бастамаға жастар дән риза.
Аталған бағдарлама 35 жасқа дейінгі жастарға үй алуға көмектеседі. Облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ арасындағы бірлескен келісім негізінде жүзеге асуда. Былтыр іске қосылған еді. Әзірге Қостанай қаласының аумағында қанатқақты жоба ретінде іске асып жатыр. Алдағы уақытта бағдарламаның ауқымы кеңейіп, бүкіл облыс көлемін қамтуы мүмкін. Бағдарламаға қатысуға үмітті жастар Қостанай қаласында кемінде 1 жыл тұрақты тіркеуде тұруы шарт. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қызметтер сияқты жоғары сұранысқа ие салаларда кемінде 1 жыл жұмыс істеуі керек. Өтініш беруші және оның отбасы мүшелерінің ел аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі және иеліктен шығару фактілері, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар бойынша алынған жалға берілетін тұрғын үйлері болмауға тиіс.
Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Іріктеу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету және тұрғындар тарапынан туындауы мүмкін наразылықты болдырмау мақсатында қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша және тәуелсіз конкурстық комиссияның отырысын өткізу арқылы жүргізіледі.
Қостанай қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Азамат Иманбаевтың айтуынша, өткен жылдың 4-12 қазаны аралығында "Жас шаңырақ" бағдарламасы бойынша құжаттар қабылданды. 35 жасқа дейінгі жас мамандардан 295 өтініш келіп түскен. Құжаттарды қаламыздағы әлеуметтік салада, коммуналдық қызметте жұмыс істейтін мамандар тапсырыпты. Арнайы құрылған комиссия үміткерлердің арасынан 47 қатысушыны таңдап алып, төлем қабілеттілігін анықтау үшін тізімді "Отбасы банк" АҚ облыстық филиалына жолдады. Іріктеуден өткен жастарға тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы жарна ретінде максималды сома 15 миллион теңге беріледі. Несиенің мөлшерлемесі бес пайыз. Осы жеңілдікпен баспаналы болған жастардың бірі – Олжас Оразалин.
– Біз "Жас шаңырақ" бағдарламасы туралы былтыр тамыз айында жергілікті телеарналардың бірінен естідік. Бұл хабар көңілімізге майдай жақты. Себебі, қазіргі заманда баспана сатып алу оңай емес. Биліктің қолдау білдіргеніне шын қуандық. Естіген жаңалығымыз туралы толығырақ білу үшін қаламыздағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарластық. Күзде құжаттарымызды жинақтап, тиісті мекемеге өткіздік. Қызметтегі жетістіктер, отбасы жағдайы – бәрі ескеріледі екен. Мен де, жұбайым да білім беру саласында еңбек етеміз. Біз тез арада құжаттарды жинап, тапсырдық. Қатысушылардың саны көп болды. Іріктеуден өтеміз деп үміттенбедік. Бір айдан соң "Отбасы банктен" сүйінші хабар келді. Төлем қабілетін анықтау үшін банк кеңсесіне бару керек. Барлық талапты орындаған соң пәтер таңдауға бір ай уақыт берді. "Отбасы банкте" үш-төрт жыл бұрын ашылған жинақтаушы шотымыз бар-тын. Ондағы азын-аулақ қаражат бізге демеу болды. Бағдарлама аясында банк берген 15 миллион теңге бар. Бәрін қосып, жинақталған қаржыға келетіндей пәтер іздедік. Бір ай уақытымыз кетті. Қазір үйдің бағасы өте қымбат. Он бес миллион теңгеге жаңадан салынған үйлерден 2-3 бөлмелі пәтер ала алмайсыз. Сондықтан, жағдайымыз жеткенше көңілімізден шығатындай жерден іздедік. Біз сатып алған пәтердің иесі өте сауатты кісі болып шықты. Құжаттарды заңдастыру көп уақыт алған жоқ. Бір аптаның көлемінде ипотеканы рәсімдедік, – деді Олжас.
Олжас Оразалин қаладағы дене тәрбиесі және балалар мен жасөспірімдер туризмінің өңірлік орталығында әдіскер болып еңбек етеді. Оған қоса спорт туризмі саласында жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Жұбайы Әсел де аталмыш орталықта әдіскер. Екі жастың Самира есімді бес жасар қызы бар. Алдағы уақытта Олжас пен Әсел секілді қаншама жастар "Жас шаңырақ" бағдарламасының шапағатын көреді деген ойдамыз.
Суретте: Жас отбасы Олжас және Әсел Оразалиндер, қызы Самирамен бірге.
Қымбат ДОСЖАНОВА.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.