Билікке баға беретін – халық
Биылғы қыстың қаһары қатты. Аяз бетті қарып, боран бет бақтырмайды. Қатты желдің екпіні аудандағы электр жарығын өшіріп, бірақ әбігерге салатыны рас. Жолдарды да қар басып, жаяу жүргіншілердің жүріп тұруына қиындық туындайтыны да бар. Несін жасырамыз, қаладан ауылға келген студенттер мен қыдырып келген ағайын-туыс діттеген жеріне жете алмаған шақтар да болды. Аудан тұрғындарының вацап әлеуметтік желісінде «Батпаққара тынысы» тобы бар. Сол жерге мәселе, шағым болса салып, жазып жатады. Сонда көтерілген мәселенің бірі – жолдың тазалығы.
Ватсапта көтерілген мәселе
«Менің жасым 63-те жалғыз басты анамын, үйімде электр желісі өшіп, электр сорғысы жанып кетті. Міне, 4 сағаттан асты. Әлі жарық жоқ. Электр желісіндегі диспетчерлік орталыққа қоңырау шалсам дұрыс жауап бермейді» деп шағымданды аудан тұрғыны Гүлбану апа. Осы сияқты Алтынбек деген азамат Тойтөбе көшесі бойындағы жолдағы қардың аршылмауына байланысты көлік жүретін жол жоқ, баласын балабақшаға жеткізе алмай жатқанын ашына жазған. Міне, осы сияқты шағымдар жетерлік. Басшыларға жолығып «Қар неге уақытылы тазаланбайды? Техника талапқа сай ма? Ауданымызда электр жүйесі неліктен сын көтермейді? Тозығы жеткен сымдар мен бағандар қашан жаңарады?» деген сұрақтарды қойған едік.
Малшыбай Қаласов, аудан әкімінің орынбасары:
–Халықтың көтерген мәселесі орынды. Ауданымыз жыл сайын қарқынды даму үстінде десек те табиғат тосын мінезін көрсетіп, коммуналдық саланы әбігерге салғаны да рас. Аудандағы электр желілері мен бағаналардың дені тозған. Бұл жасырын емес. Облыстық басқармаларға өтініш жібердік. Алдағы уақытта тиісті құжаттар әзірленіп, қаржы бөлініп, кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізлетін болады. Жауапты басшылар тәулік бойы байланыста. Барлық сұрақтарды қамту мүмкін болмай жататын кездер болады. Біз бірінші кезекте маңызды деген әлеуметтік нысандарды жарықпен қамтуға күш жұмылдырамыз. Сол сияқты боранды күндері ауыл аймақтың кіреберіс жолдарын, содан кейін барып, орталық көшелер мен басқа да нысандар кестеге сәйкес тазаланып отырады. Осындай жағдайда халықты түсіністік танытуға шақырамын, – дейді.
Аманкелді ауылдық округінің әкімі Гауһар Жәнділдинаның айтуынша, аудан орталығында 34 көше бар екен. Биыл жолдарды аршуға бюджеттен 5 млн 900 мың теңге, автомобиль жолдарын қардан тазалауға 3 млн 400 мың теңге, тротуар мен орталық саябақтарды тазалауға 2 млн 500 мың теңге бөлінген.
«Жоқтан барды құраймыз»
Руслан Қайырбеков, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
–Біздің мекеме аудандық маңызы бар жолдарға жауап береді. Мемлекеттік сатып алу порталы негізінде жеңімпаз анықталып, сол ұтқан кәсіпорын автожолдардың 17 бағыт бойынша және автомобиль жолдары мен ауылдардың кіреберісін аршиды. Жалпы бөлінген қаражат 26 млн 216 мың теңге. Жолдарды маусымдық кезеңде «Аманкелді Жолы» кәсіпорыны 75,5 шақырым жолды тазалау жұмыстарын 9 млн 569 мың теңгеге жүргізсе, «Жоламан» кәсіпорыны 64,9 шақырымын тазалау үшін 6 млн 551 мың теңге алады. Ал қалған Ақсай, Тасты, Үштоғай, Степняк ауылдары бойынша сол ауылдағы шаруа қожалық және кәсіпкерлерімен келісім шарт жасалынып, өздеріне тиесілі ауыл аймақтардың кіреберіс жолдарын қардан уақытылы тазалайды. Бір айта кетерлігі мемлекеттік сатып алу порталына кез келген өңірден техникасы бар кәсіпкер қатыса алады. Бірақ, біздің аудан шалғай болған соң, сырттан ешқандай кәсіпкерлік қызығушылық танытпайды. Сондықтан тендерді жергілікті кәсіпорындар ұтып алады. Ауа-райы мінез танытқанда түрлі жағдайлар болып жатады. Жауапты мекемелердің жұмыстарын қадағалап, бақылап, жергілікті әкімдермен байланысып отырамыз.
Амангелді Есенұлы, «Аманкелді жолы» ЖШС-нің директоры:
–Осы салада жүргенімізге 20 жыл. Қолда бар техниканы қырық жамап, әйтеуір іске асырып жатқан жайымыз бар. Жоқтан барды құраймыз. Биыл ғана аудандық бюджеттен қаражат қосылып, ұлғайтылды десе де шығын шаш етектен. Мекемені ұстап тұру, оның коммуналдық шығындары, жұмыскерлерідің еңбекақысы, салықтық төлемдер, техниканы жөндеу, басқа да құрал жабдықтар алу сияқты жақтары да бар. Сегіз адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Техника тілін білетін механизатор мамандары тапшы. Еңбекақысы 160 мың теңге болса да оны мардымсыз жалақы дейтіндер де бар. Жаңа техника алу жоспардағы іс. Дизель отынына субсидия бөлінсе жақсы болар еді.
«Ай Көмек» қызметі әр ауданға керек
Маман тапшылығы әр өңірде бар. Десе де жұмыс іздегендердің ауылда тұрақтамай, қалаға ағылатынын байқаймыз. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдардамалар бөлімінің басшысы Айтжан Тойкенұлы: «Мемлекеттік тапсырыс аясында жергілікті кәсіпорындар мен жұмыс берушілердің ұсыныстарын жыл басында қабылдаймыз. Былтыр техникалық мамандық бойынша 8 адам білім алып, кәсіпорындарға жұмысқа орналасты. Бірақ механизатор мамандығына сұраныс болса да ешкімнің оқығысы жоқ. Егер ұсыныс болып жатса Арқалық қаласында 3 ай мерзімді оқуға барып, стипендия, жатар орны, жол шығынын мемлекет қамтамасыз етер еді», – дейді.
Абай Елеусізов аудандық жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, жұмысқа орналасқан жанның бірі. Қазір «Тәуелсіздік» саябағын қардан тазалап жүр.
–Жұмысымның қиындығы жоқ. Көшелердің тазалығын қадағалаймыз. Бастысы маңдай термен тапқан ақшамыз адал. Жүз мың теңге еңбекақым бар, қолыма таза 75 мыңын аламын, – дейді ағамыз.
Биліктің қызметіне баға беретін – халық. Сол үшін де үнемі билік пен халықтың арасында ашық диалог орнауы керек. Қазіргідей ақпараттың жедел дамыған заманында әлуеметтік желі арқылы көтерілген мәселелер шұғыл шешімін тауып, оларға нақты жауап болуы да заңды. Сол үшін де ватсап желісі ашылған. Осылайша халықтың үні билікке жетіп, шешімі болады. Егер барлық сұрақтарға жауап беретін бірыңғай анықтама қызметі іске қосылса тіптен жақсы болар еді. Қостанай қаласындағыдай «Ай Көмек» қызметі әр ауданға керек-ақ.
Айбек ТАҢАТБАЕВ.
Аманкелді ауданы.