Сүтке қашанда сұраныс бар

Біз 2011 жылы АҚШ-тан асыл тұқымды сауын сиыр сатып әкеліп, компьютермен басқарылатын сүт-тауарлы фермасын аштық. Жобаны іске асыруға 1 млрд 300 мың теңге жұмсалды. Өндірістегі автоматтандырылған жабдықтың бәрі Германиядан сатып алынды.
Бүгінде фермада 900 бас сауын сиыр бар. Олар арнайы қондырғыда, айналып тұратын «карусельде» сауылады. Бір мезетте, бес-он минуттың айналасында отыз-қырық сиырдан өнім алынады. Бізде 30 шақты сауыншы жұмыс істейді. Олардың бар міндеті – сиырлардың желінін сүртіп, сауу апаратын қосып-ағытып отыру. Сиырлардың бабын, салмағын, жем-шөбін, қанша сүт бергенін, бәрін аппарат есептейді. Малдың аурудан аман-саулығы, өсіп-жетілуі күнделікті тексеріледі.
Фермамызда күніне 19-20 тонна сүт сауылады. Оны Қостанай қаласындағы «Космис» ЖШС-не өткіземіз. Сүтке қашан да сұраныс бар. Осы өнімнің жетіспеушілігі мәселесін шешуді мемлекеттің қолға алғаны қуантады. Біздің ферма да қиын кезеңдерді бастан аз өткерген жоқ. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын сүттің әр литрінен 7 теңгеден шығынға ұшырадық. Бірақ субсидияның арқасында аяқтан нық тұрып, мал басын кемітпей ұстап қала алдық. Қазіргі қарқынымыз жақсы. Бір белгілісі, сүт бағыты – өміршең бизнес. Болашаққа еншілеп отырған жоспармыз көп. Солардың бірі – ферма іргесін әлде де кеңейте түсу.

Айта кету керек, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де назардан тыс қалдырып көрген жоқпыз. Ауылға үнемі қарайласып тұрамыз. Әлеуметтік нысандарды жөндеуге жыл сайын қаржы бөлеміз. Мәдениет үйі толығымен кәсіпорын қамқорлығында. Ауылдастардың мұқтажына жәрдемдесуді қашан да қаперімізде ұстаймыз.
Өтеген МҰРТАЗИН,
«Сарыағаш» ЖШС директоры