Он баланың тағдыры киноға арқау болды
Әр адамның тағдыры әртүрлі. Біреу өмірде бақытты күй кешеді, біреу қайғы-қасіретке душар болады. Аяғын апыл-тапыл басқан сәттен бастап, олардың өмірінде түрлі оқиғалар орнауы мүмкін. «Бозторғай» телехикаясы кейіпкерлерінің де басындағы хал осындай.
«Бозторғай» телехикаясы – «Хабар» телеарнасының төл туындысы. Жақында теле туынды көрермен назарына ұсынылды. Онда он жетім баланы бауырына басқан арқалықтық Нұрлан мен Қарлығаның тағдыры бейнеленген. Бұл туралы «Қостанай таңы» газеті арқылы өзінің биологиялық анасын іздеген Ермек Садықов жеткізді. Тағдыры бір туындыға арқау болған Ермек Садықов бұл фильм жайындағы ойымен былай деп бөлісті:
«Бізді асырап алған отбасының тағдырына арқау болған сериалды көрдім. Хикая көңілімізден шықты. Себебі, онда еш жасандылық, жалғандық жоқ. Барлығы да өмірдегідей», – дейді Ермек.
Аз-кем шығарма туралы баяндап өтейік. Нұрлан – полиция сержанты. Бірбеткей, әділ, әзілдескенді ұнатпайтын, бірсөзді жігіт. Оның жары Қарлыға да еңбекқор, пысық, өзгенің ала жібін аттамайтын жан. Ол кітапханашы болып істейді. Екеуінің бір-біріне деген махаббаты адал, бірақ арада бала болмауы, көпшіліктің бұл жағдайды нұқып айта беретіндігі біраз қиындыққа әкеледі. Қарлығаның балаға деген сүйіспеншілігі өз жұмысын тастап, балалар үйіне өз еркімен тәрбиеші болуына апарады. Тіпті, жолдасына балалар үйінен бала асырап алғысы келетінін айтады. Жетімдер үйіндегі түрлі тағдыр, қиыншылық пен шынайы махаббат…
Кеңестік дәуір құлаған шақта өздері қиын жағдайда бола тұра, жетімдер үйінен 10 перзент асырап алған Нұрлан мен Қарлығаның шаңырағының басынан кешкен оқиғаны бірге тамашалайық, қадірлі оқырман!