Қазақтың баласы қазақша сөйлесін

 «Аватарды» көрдіңіз бе? Көрсеңіз қай тілде тамашаладыңыз? Міндетті түрде қазақ тілді сеансқа барыңыз. Балаңызды да үйретіңіз. Бала алғаш қай тілде көрсе солай қабылдап, әсер алады. Көптің көңілінен шыққан фантастикалық "Аватар 2” фильмінің қазақ тіліндегі дубляжы да өте жоғары деңгейде аударылған. Әттең, қазақ тілді сеансқа баратындар аз. Алдында көрермендер қауымы «бір күнге бір рет қана, сонымен қатар ыңғайсыз уақытқа қойылған» деген мәселе де көтерген. Сөйтсек көпшілік тарапынан сұраныс болмаған соң кестеден тіптен алынып тасталған екен. «Аватарды» қазақша сайратқан біз үшін қазақ баласын қазақша сөйлету оңай болмай тұр.
«Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы» «100 балаға тегін билет» деген акция бастаған. Соны Қостанай облыстық филиалы жалғап, төрағасы Заңғар Санай қолға алып, бүгін қалада оқитын 150 оқушыны бастап, кинотеатрға келді. Қазақ тіліндегі дубляжын қайта қойғызып, балаларға билетті кәсіпкерлердің есебінен алғызып, сеансқа кірді. Киноға келген балалардың бәрі риза. Балалар қазақша түсінеді, қызықтыра білді. Тек ата-ана тілдің дамуына жағдай жасауы керек. Фильм қазақша дубляждалғанда режиссері қазақтілді көрерменге өзінің сәлемін де жолдаған болатын. Ол қазақтілді дубляж сияқты бастамалардың тек қазақстандық көрерменге ғана қажет екенін айтып, қазақ тілін қолдауға шақырды. Бұл бастаманы Заңғар Санай да қолдайды. 
–Бүгін біз әр мектептен жиналған 150 баланы алып келіп отырмыз. Өз қалауымен келіп, тамашалап жатыр. Мұндай бастама басқа өңірлерде де қолға алынды. Біз де қалмайық деп, қазақтың баласы қазақша қарауы керек деп, өзіміз бастамашы болып жатырмыз. Балаларға билет алып беруге кәсіпкер Әсел Жұмасқалиева мен облыстық мәслихаттың депутаты Аслан Дабылов көмектесіп, жағдай жасады. Ол кісілерге алғысымыз шексіз. Қазақша көрсетілімге көрермен аз келгендіктен кестеден алып та тастаған екен. Мұндайда өзіміз қазақ тілінің дамуына жол ашуымыз керек деп ойлаймын, – дейді Заңғар Санай. 
Бүгінгі киноға келген оқушының бірі – Айғаным Аманкелді. Ол Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған лицей-интернатының 9 сынып оқушысы. 
–Қазақ тілінде қараған ұнады. Дауыстары да сол қалпы қойылған. Түсінікті. Менің достарым да қызыға қарады. Біз қазақша аударғанда түсініксіз болады деп ойлап едік. Олай емес, бәрі ойдағыдай, – деп әсерімен бөлісті. 
Тіл ең алдымен өзімізге ғана керек. Фильмді түсіріп жатқан киностудияға да, оны көрсетіп жатқандарға да керегі жоқ. Осыны түсінсек екен. Бұған дейін бірнеше мультфильм, фильмдер жоғары дейгейде дубляждалды. Олардың жұмысында мін жоқ. Мұның бәрі де тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында атқарылған істер. Өз елімізде өз тілімізді таңдау арқылы қазақ тілінің дамуына жол ашайық. 
 
 
    Айтолқын АЙҚАДАМОВА.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓