Жөндеу жұмыстары қазанға дейін жалғасады

Соңғы екі жылда Қостанай қаласының ішкі жолдарын жөндемекке 9,5 млрд теңге бөлінген. Былтыр соның 4 млрд, 103 млн теңгесі еңсеріліпті, яғни 61 шақырым жол қалыпқа келтірілді деген сөз.  Биыл бюджеттен 5,4 млрд теңге беріліп, жыл соңына дейін бас-аяғы 48 көше жаңа кейіпке енуі тиіс. Қазіргі таңда көрсетілген қаржының 4 млрд теңгесі пайдаға асқан.IMG_2599Жіктер болсақ, 1,693 млрд теңгеге қала көшелеріне күрделі жөндеу жасалған, ал қайта құруға 2,266 млрд теңге жұмсалыпты. Орташа жұмыстарға – 1, 119 млрд теңге, ал ресайклирлендіру тәсілі арқылы жөндеу жұмыстарына – 722 млн теңге кеткен. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 410 млн теңге бөлініп отыр.IMG_2616Көктем айларынан бері Қостанай көшелерінің астан-кестені шығып, жол жөндеушілер қызу жұмысқа кіріскен еді. Бұл қарбалас әлі де жалғасып жатыр. Тіпті, салдарынан Майлин бойының тұрғындары жаз бойы ыстық сусыз отырғанына ел куә. Бұл көшені қазбалағандарына екі жыл өтті. Есеп беру кездесулерінде де жиі көтерілетін осы – Майлин мәселесі. Қала әкімдігі ұсынған дерекке сүйенсек, Майлин көшесінің Гагарин көшесімен қиылысқан басынан Досжановқа дейінгі аралығы биыл қазан айында тәмамдалмақ.IMG_2585
Ал Абай жолының жыры бір басқа. Қаладағы ең басты көшені алты ай жазда әурелеп, тіпті, жолжиекті (бордюр) екі мәрте ауыстырып, халықтың титығына әбден тиген болатын. Нәтижесінде,  Тәуелсіздіктен бастап, Карбышев өтпесіне дейін жол кеңейіп, қайта тегістелді. Алайда, тоқтала кететін бір кілтипан бар. Ол – осы Абаймен қиылысатын көшелердің жайы. Әр жолдың деңгейі әр түрлі, бірі – төмен, бірі – жоғары. Бұл екіарада асты аласа көліктердің өте алмай тұрғанын талай көзіміз шалды. Жүргізушілердің біразы наразылықтарын білдіріп жатыр. Қазір бұл көшедегі күрделі жөндеу жұмыстары да толығымен аяқталуға жақын. 
Сондай-ақ, биыл Лермонтов көшесі де қолданысқа берілмек. Ал Тобыл жағалауы, яғни Набережный көшесіндегі жұмыстар келер жылы аяқталатын болады.IMG_2575Ағымдағы жылы қала көркіне аса мән беріліп отыр. Тобыл өзені бойын тазалап, абаттандыру жұмыстары былтыр басталған еді. Үлкен көпір қайта жаңартылып, жағалауға сән берді.  Оң жағалау мен сол жағалаудың жөндеу жұмыстары да қазан айында бітпек. Биылғы жылдың басты жаңалығы – Шақшақ Жәнібек батырдың ескерткіші болмақ. Еріктілердің қаржысына бой көтерген тасмүсіннің таяу арада салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Қазір тек айналасындағы ұсақ-түйек жұмыстар қалған.
Сонымен қатар «Қостанай аулалары» бағдарламасы аясында бірқатар шаруа атқарылды. Жалпы құны 150 млн теңгеге 25 спорт алаңқайы ашылып және 9 шағын футбол алаңы жөнделді. Мердігерлік ұймдар Абай, Тәуелсіздік және Гагарин көшелері бойына  45 жаңа аялдама орнатты.
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓