Сөзден іске көшу керек
Қазақстанда 1984 жылдан бері тұрып келемін. Осы жерде білімім мен өмірлік тәжірибемді жинақтап, өзімнің идеяларымды жүзеге асырдым.
Ауыл – халықтың берекелі ордасы. Мұнда қарап отырмай еңбек етіп, өзгеге қол ұшын созу керек. Ауылда тұрған соң бір іспен айналысып, соның игілігін халық көрсе дейміз. Міне, менің ұстанымым осы.
Кенже балам Нодари бізбен бірге тұрады және бизнесте бәріне көмектеседі. Білімі заңгер, машина жасау мамандығы бойынша екінші білімі бар. Бірақ ол менімен ауылда жұмыс істеуге бел буды. Жиырма жылдан астам тәжірибелі кәсіпкер ретінде айтарым, қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін түрлі бағдарламаларды үнемі әзірлеп, жүзеге асырып жатқан мемлекетіміздің қолдауы зор.
Ауылдағы кәсіпкерлерді қолдайтын бағдарламаларды қолға алып, мемлекеттің бізге көмектесіп жатқаны қатты қуантады. Соның арқасында біз де түрлі жобаларды қолға алып, игілігін ел көріп отыр. Айта кетейін, 2021 жылдың аяғында өндірістік жобалық қуаттылығы жылына 180 тонна сүт және екі тонна сүт өнімдерін шығаратын сүт-тауар фермасын аштық. Іске асырылған жобаның құны – 180 миллион теңге. Алты ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды.
Қазақ халқының айран, қаймақ, ірімшік және сары май сияқты ұлттық өнімдерін өзіміз өндіреміз. Ауыл тұрғындары мен аудан халқы игілігін көріп отыр. Алдағы уақытта мал басын 100 басқа дейін ұлғайтып, екі отбасыға үй салып беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы, ауылды дамыту үшін сөзден іске көшу керек. Өйткені, ауыл шаруашылығы немқұрайдылықты, енжарлықты көтермейді.
Григол КАПАНАДЗЕ,
шаруа қожалығының басшысы,
Сарыкөл аудандық мәслихатының депутаты