Халық күткен реформалар басталмақ

Ассамблея сессиясындағы басты тақырып – референдум. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум өткізуді ұсынды. Расымен де, референдум қатардағы саяси іс-шаралардың бірі емес, ол – маңызды демократиялық институт. Қазір қоғамда қандай бастама көтерілсе де, халқымыз бей-жай қарамайтын болды. Сол себепті алдағы референдумнан да үлкен үміт күтіледі. Менің ойымша, енді халық күткен кешенді реформалар басталады. Ол жай ғана құрғақ сөз, жалаң пікір емес, нақты іске құрылған жоспарлы шаралар болуы тиіс. Бір ғана мысал, бизнесті алайық. Енді кәсібін жүргізіп отырған адамдар үшін қандай орган, мекеме тарапынан болсын, қысым жоқ. Үкімет бизнеске басымдық беріп, кәсіпкерлерді мемлекеттің шектен тыс қамқорлығынан арылтады. Түсініктірек айтсақ, бизнесмендерге барлық жағынан жол ашылады. Сыбайлас жемқорлықсыз адал, ашық әрі әділ бәсеке болады. Бұл қауіпсіз әрі қолайлы инвестициялық климат құруға ықпал етері сөзсіз.
Қорыта айтқанда, алдағы референдум нақты істерге мөр басып, екшелейді. Барлық саланы алсақ, бұған біздің Ассамблея мүшелері де атсалысады. Біз тек этномәдени салада, қайырымдылық пен волонтерлікте ғана емес, адам құқықтарын пайдалану, этномедиация, жастармен жұмыс, кикілжіңдердің алдын алу, кикілжіңдерден кейінгі реттеу жұмыстарында да қажетті деңгейде белсенділік танытамыз. Бұл – мемлекет басшысының тапсырмасы.
Қанатбек Беделбеков,
Қазақстан халқы Ассамбелясының мүшесі