ЖҰРТҚА ЖІГЕР БЕРГЕН ЖОБА
Былтыр Қостанай қаласында халықты жұмыспен қамтуға 501,8 миллион теңге бөлініп, қаражат толық игерілген. Еңбек нарығындағы бірегей бастамалар биыл да жалғасын табады. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Надежда Костенюк айтты.
Кәсіпкерлікті дамытудың 2022 жылға арналған ұлттық жобасы аясында 151 адам кәсіптік оқуды аяқтап, бәрі жұмысқа орналасты. Соның ішінде 104 адам тікелей жұмыс берушілердің өтініші бойынша арнайы кәсіптік білімді игерсе, қалған 47 адам нақты жұмыс орнында өндірістік оқуды тәмамдаған. Жұмыспен қамту орталығының қолдауымен өз ісін бастаған жандардың бірі – суреттегі кейіпкеріміз Әсем Есмахова. Ол былтыр күзде мемлекеттен 1 225 200 теңге көлемінде грант алып, балаларға арналған жұмсақ ойыншық жасаумен айналысуда. "Бизнес бастау" жобасы бойынша оқып, бүгінде бизиборд өндірісін қолға алған. Жас ана мемлекет берген қаржыға тігін машинасын, қажетті шикізатты сатып алыпты. Ары қарай көз тартар түрлі-түсті ойыншықтар жасап, саудалай бастайды. Жасаған заттарын инстаграм парақшасына салып, жарнама жасап қояды. Қазіргі күні жұмсақ бизибордтарды Қостанай қаласынан бөлек Астана, Ақтөбе қалаларына жөнелтеді. Күн өткен сайын тапсырыс берушілердің де қатары көбеюде.
-Өзім шығармашылыққа жақын адаммын. Ұсақ моншақтардан неше түрлі заттар, әшекейлер жасағанды ұнатамын. Кішкентай баламен үйде отырсам да пайдалы іспен айналысып, табыс тапқым келді. Интернетті ақтарып отырып, балалардың ой-өрісін дамытуға арналған ойыншықтар туралы ақпарат оқыдым. Сондай ойыншықтарды өз қолыммен жасап көргім келді. Қаладағы жұмыспен қамту орталығының сайтынан "Бизнес бастау" жобасы туралы оқып, идеямды ұсындым. Мемлекет тарапынан қолдау тапқанына қуаныштымын. "Бастау бизнес" жобасы – мен сияқты үйде бала бағып отырған қаншама жас аналардың еңбек етулеріне шабыт сыйлайды,-деді Әсем Есмахова.
2021 жылы елімізде Электронды еңбек биржасы базасында азаматтарға тегін онлайн оқытуды ұйымдастыру порталы іске қосылды. Бұл бастама жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасалып отыр. Аталған жобаның шеңберінде қаламызда 163 адам оқуды аяқтаған. "Бастау бизнес" жобасы бойынша 256 адам оқыды. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 110 грант берілді. Жалпы сомасы 134,6 миллион теңге. Грант алушылардың арасында әлеуметтік осал топтарға жататын 29 жасқа дейінгі азаматтар бар.
Ал биыл 5085 адамды жұмыспен қамту іс-шараларына тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде: 151 адам қысқа мерзімді оқытуға, 129 адам жастар тәжірибесіне, 60 адам әлеуметтік жұмыстарға, 110 адам қоғамдық жұмыстарға бағытталады. Сондай-ақ "Бастау бизнес" жобасы да жалғаспақ.
Қымбат ДОСЖАНОВА.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.