Қар құрсауынан құтқарылды
Қамысты ауданында құтқарушылар жолда қалып қойған шетелдік жолаушыны қар құрсауынан шығарып алды. 12 қаңтар күні сағат 02:14-те аудандық Төтенше жағдайлар бөліміне Алтынсары-Свободное ауылдары арасында жүк көлігі бұзылып, жолда қарға батып қалғаны жөнінде ақпарат келіп түскен. Бөлім бастығы М.Бисақалов және бөлімнің аға инженері Ж.Төлепбергенов көмекке барды. Олар 80 шақырым жолды жүріп өтіп, қарға батып жатқан «VOLVO» маркалы ауыр жүк көлігін 03:10-да Алтынсары ауылынан 9 шақырым жерден тапты.
Әзірбайжан азаматы жүк көлігімен Астана қаласына бара жатқан екен. Жүргізуші қашықтықты қысқарту үшін Қамысты ауданы аумағындағы дала жолымен жүруге тәуекел етіпті. Алайда, температураның төмендеуіне байланысты дизельді қозғалтқыш істен шығып, көлік орта жолда сөніп қалған. Құтқарушылар сағат 03:30-да тоңған жүргізушіні Алтынсары ауылына жеткізіп, оны жергілікті жатақхананың жылыту пунктіне орналастырды.
Қостанай облысының ТЖД азаматтарды қыста жол үстінде өте сақ болуды, жеке қауіпсіздік мақсатында қолайсыз метеожағдайлар кезінде алыс сапарларға шықпауды ескертеді.