Қатынас жолы қараусыз қалмайды

Сарыкөл ауданында аптаға жуық уақыт толассыз ұйытқыған қарлы боран тұрғындарды әбігерге салды. Арты бет қаратпас аязға ұласып, үскірік жел соқты. Осы алай-түлей ауа райынан соң тұрғындардың ахуалын білу үшін Новое ауылына барып келген едік. Бұл Новое елді мекеніне таңдауымыздың түскені бекер емес. Бұл ауылдың жолының бірнеше учаскесі боран түтей қалса қармен бітеліп қалатыны бар. Бірақ біз барған кезде қатынас жолы ашық, тап-таза болып жатты. Демек, тұрғындар шағымы жерде қалмай, жауапты мекемелер күре жолды уақыт оздырмай аршып қойған. Мұның анық-қанығын жолда жолыққан аудандық Сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің  басшысы Жанат Жиенбаевтан сұрап білдік.  
«Новое ауылына кіреберіс  – аудандық маңызы бар жолдың бір бөлігі. Бұл жолды күтіп ұстауға «Агроbio» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, қаражат толығымен бөлінді. Содан кейін қыс басталғалы жолға байланысты ешқандай мәселе болған жоқ. Алайда, 8 қаңтарда ауылдың кіреберісіндегі қарды аршуға «К-700» маркалы қар тазалағыш екі машина жіберілген еді. Жолда сол көліктердің бірі істен шықты. Далада ауа температурасы -30 градустан жоғары  болғандықтан, механизатордың қауіпсіздігі үшін ауа райының жайланғанын күту туралы шешім қабылданды. Міне, сәті түсіп, бүгін, 11 қаңтарда жолды тазалап қойдық», – деді Ж.Жиенбаев.
Бөлім басшысы осы мәселе жайында ауыл тұрғындарына түсініктеме беріп, бейнеүндеу жасады. Осындай қиындыққа тап болған жағдайда өзінің +77026666543 телефон нөміріне хабарласуларын өтінді.
 
Руслан Әлкеев, 
Сарыкөл ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓