Экология еріккеннің ермегі емес

Жастарды үнемшілдік пен тазалыққа баулу көзге онша байқала бермейтін, қоғамда соншалық маңызы жоқ дүние секілді көрінуі мүмкін. Шындап келгенде, мұның экологиядан бұрын экономикаға ықпалы бар. Тіпті үлесі зор деуге болады. Соны түсінген үкімет қала сыртында тұрмыс қалдықтарын қайта өңдеу орындарын ашып жатыр. Жастарды осы мақсатқа тарту жұмыстарына еріктілер де шама-шарқынша атсалысып жүр.
    
Мәселен, NECO экологиялық клубы былтыр осыған қатысты үш бірдей жобаның тәп-тәуір үлгісін көрсетті. Төрағасы Наурызбек Бірмағанбетовтің айтуынша, Қостанай қаласы мен Федоров ауданының оқушылары мен колледж студенттері арасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған.
Жастар тобы әуелі түрлі сауда нүктелерінің тазалықты қаншалықты қадағалайтынына арнайы мониторинг жасап шықты. Өкінішке қарай, жеке меншік сауда иелерінің көбісі тазалыққа онша бермейтін болып шықты. Кейін аталған нысандармен ортақ келісім жасалып, тазалық жұмыстары "қалдықсыз орта" ұстанымымен ойдағыдай жүзеге асырылды. Ол жерлерден шығарылатын шыны қалдықтарын жинайтын жан-жақтан арнайы орын дайындалды.
-Бұған дейін қоғамдық ұйым біраз жобаны жүзеге асырды. Мекемелерден А4 форматындағы қағаз жинадық. Қағаздардың таза жақтарын алып, іскерлік сипаттағы алты кітап басып шығардық. Алда осындай тағы он кітап басып шығару ойымызда бар, – дейді Наурызбек.
Аталған ұжымның тындырған ісі бұл ғана емес. Тамақ қалдықтарынан өсімдікке қажетті тыңайтқыш әзірлейді.
-Бұл тыңайтқыштарды даладағы құрттардың көмегімен аламыз. Оны тамақ қалдықтарымен араластырып, сұйықтық дайындаймыз. Бұған дейін 3 тоннасын дайындап, саудаға шығаратын болып келістік. Болашақта өнімді 10 тоннаға жеткізгіміз келеді. Федоров ауданындағы бақты қалпына келтіру де жоспарда бар. Жан-жағын әсем шыршалармен көмкереміз. Онда жастардың үлес қосуымен екі жүзге тарта көшет отырғызылады. Алма, алмұрт ағаштарын да егеміз. Ол жұмыстар алдағы мемлекеттік тапсырысты жеңіп алуымызға байланысты, – дейді экоерікті.  
Экологияны сақтау – тазалықтың, денсаулығымыздың кепілі. Ондағы қалдықтарды қоқысқа тастаудан гөрі қайта кәдеге жаратудың жолы экономикаға үлес қосатынын есте ұстаған абзал. Экология еріккеннің ермегі емес.
 
Айбек Ғалымұлы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓