Телефонның мүмкіндігі мол
Соңғы жылдары "мобилография" деген сөзді жиі естіп жүрген шығарсыз. Бұл – заманның талабына сай пайда болған жаңа сала. Болашақта арнайы мамандық болуы да ғажап емес. Аталған саланы меңгеріп, бір ғана ұялы телефонның көмегімен ауқымды жұмыстарды атқарып жүрген талантты жас Ернар Сапабек туралы бүгінгі мақаламызда баяндаймыз.


-Бірінші курсты аяқтар кезде Қазақстандағы мобилографияның негізін қалаушы Қыран Талапбектің ақылы курсында оқыдым. Сол жылы Алматы қаласына барып, маркетинг, интернет маркетологы саласы бойынша үш айлық білім алып келдім. Соңғы екі жылда жиған-терген, оқыған-білгенімді қосып, практикамен ұштастыруды қолға алдым. Кішігірім телефонмен үлкен дүние жасап шығаратын маманды біз мобилограф дейміз. Ол үшін қымбат телефон алудың аса қажеті жоқ. Кез келген телефонмен тамаша дүние жасауға болады. "Шедевр жасайтын телефон емес, шедевр жасайтын – сенің өзің" деп курс барысында бізге үйрететін. Қызықты видео түсіру адамның ой-қиялына байланысты, – дейді Ернар.
Көбісі "Қостанайда қазақша контент дамымаған" деп жатады. Бірақ мобилография деген түсінік қалыптасқалы бері қазақша контенттің дамуы жеделдей түскендей. Былтыр ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Астанада «Ел бірлігі» Тik-Tok house жобасы өтті. Іс-шараға біздің облысымыздан Ернар Сапабек те барып, қатысып келді. Тиктокерлер қазақ тілін үйрену және елдің қоғамдық дамуының 100 өзекті тақырыбы бойынша видео контент жасап, осы саланың үздік мамандарынан дәріс тыңдады. Осы іс-шарадан соң қостанайлық жастардың контент жасауға деген қызығушылығы арта түскен.
-Қазір интернетте трендтер жедел ауысады. Тақырыптар бірінен соң бірі жаңарып отырады. Ақпарат саласында бәсекелестік өте жоғары. Мысалға, қазір тауардың құндылығы емес, бірінші қызықтыру маңызды. Алдымен, елді қызықтырып, адамның зейінін өзіне аударып алса, сол адам ұтты деген сөз. Заманның талабы осындай. Жастар арасында Тik-Tok желісі өте танымал. Одан кейінгі орында – "Инстаграм" мен "Ютуб". Әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалансаң, ол саған жақсы нәтиже, тіпті пайда әкеледі. Бүгінде қысқа да нұсқа, қызықты видеоларға сұраныс мол. Мен 10-сыныптан бері тарихи фильмдерге қызығамын. Қазақстанның даму жолындағы көптеген оқиғаларды кино таспасына түсіріп, экраннан көрсеткім келеді. Студенттер арасындағы көпшілік біле бермейтін мәселелерді жарыққа шығаруды қалаймын. Қазір көбісі комедия жанрында видеолар түсіруге құмар. Ойда жүрген тақырыптарды тосыннан, басқаша стильде түсіріп, көрерменнің назарына ұсыну ойымда бар, – дейді Ернар Сапабек.
Ернар креативті кәсіптерді танытуға және Қазақстанның туристік брендін дамытуға бағытталған тұңғыш республикалық мобилография фестиваліне екі жұмысын тапсырыпты. Бұл фестиваль "DARA" қорының қолдауымен өтуде. Еліміздің жастары туризм, мәдениет, салт-тәстүр тақырыбында ұзақтығы 1-3 минуттан аспайтын видео түсірген. Үздік 20 жұмыстың авторына Нью-Йорк фильм академиясына тегін грант береді. Байқаудың қорытындысы алдағы көктем мезгілінде белгілі болмақ. Жерлесіміз Ернар Сапабектің жеңіс тұғырынан көрінуіне тілекшіміз.
Қымбат ДОСЖАНОВА.