Қазақ деп соққан жүрегі
Қазақтың кең жазирасы кімге пана болмады? Тағдырдың бар тауқыметін тартып, тарыққан жандарға төрін ұсынып, бір үзім нанын бөлісіп жеген халқымыздың қонажайлылығын олар ешқашан ұмытпақ емес. Бұрын-соңды табаны тимеген топырақтан нәр алған қаншама ұлт пен ұлыс өкілі жүр арамызда. Солардың бірі – жасы жетпістен енді асқан удмурт қызы Зина Елдынёва. Зина әжей 1952 жылы Удмурт АССР – інде дүниеге келген. Туған жеріндегі ауыр тұрмыстан әбден қалжыраған анасы Александра Ивановна 1957 жылы екі қызын жетектеп, Қазақстанға қоныс аударыпты. Бұл елімізде тың және тыңайған жерлерді игерудің нағыз қызған шағы еді. Анасы Урицкий ауданына орналасты. Зина сегізінші сыныпты бітірген соң әрі-қарай анасы мен сіңілісіне жәрдемдесуге бел буады.
Анасы Александра Ивановна жұмыстың ауыр – жеңіліне қарамай, напақасын еңбектен тапты. Ауыр бейнеттен ерте есейген бойжеткен шаруашылық жұмысынан бір сәтке қол үзір көрген емес. "Ертелі-кеш жұмыс істей жүріп, сіңліме де қарауды ұмытқан жоқпын",-дейді әжей өткен күндерін еске алып. 1973 жылы болашақ жары Илияспен танысып, жиырма бір жасында тұрмысқа шықты. Илияс атай ол кезде кеңшардың малын бағатын. Екі жас шаңырақ көтерген соң "Бестау" кеңшарында ұзақ жыл тұрды. Зина емханада еден жуды. Егін орағы кезінде қырманға барып, жұмыс істеді. Әйтеуір, жыл он екі ай бойы бір тыным көрмейтін. Сөйтіп жүріп тоғыз баланы дүниеге әкелді. Оларды ешкімнен кем қылмай өсірді, оқытты.
-Бір балам жастайында қайтыс болды, біреуі азамат болған шағында дүниеден озды. Аллаға шүкір, қазір төрт ұл, үш қызым бар. Бәрі де жеке отау иесі. Ұлдардымнан сегіз немере, қыздарымнан алты жиен, екі шөбере сүйіп отырған жайым бар. Ешкімнен кем емес. Жарым Илиястың атақоңысы – "Алтын дала" ауылы. Кейінгі кезде денсаулығы сыр беріп жүр еді, бірде "елге қарай жылжиық",-деді. Бестауды қимасақ та, отағасының сөзі заң. 1999 жылы "Алтын далаға" көшіп келдік. Ауыл тұрғындары құшақ жая қарсы алды. "Ел іші – алтын бесік" емес пе, жаңа ортаға тез сіңісіп кеттік. Шалым "ағайынмен қатар тұрып, араласқанға не жетсін! Не нәрсенің қадірін білген абзал" дейтін. Илиястың өзі сырқаттанып жүрсе де, күнде ерте тұрып намазханаға баратын. Ауылдағы шағын имандылық үйінен қол жәрдемін аяғн емес. Бір күні таңертеңгі шәйді ішіп отырып: " Зина елге келдік. Жас кезімде тағдырдың жетегіне еріп, елден кетіп едім, жаман болған жоқпыз. Балалы шағалы болдық, немере сүйдік енді о дүниені де ойлайтын кез келген сияқты. Сенің ұлтың удмурт, мен қазақпын. Екеуміз о дүниеде бір-бірімізді таба алмай қалмаймыз ба?"- деп жымия қарады да, менің жауабымды күтті. "Мен үшін сенің айтқаның заң емес пе!"- дедім. "Онда қамдан, намазханаға барып, некемізді қидырайық". Сонымен, мен атаңмен некелесіп, нағыз қазақ болдым,-деп әнтек жымияды кейіпкерім.
Әжейдің жүзінен нұрланғандай кейіпті көрдім. Өкініштісі, Илияс ата 2007 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Қазір құда-құдағилары бар, ілік-жұрағаттарымен араласып, шүйіркелесіп тұрады. Зина әжей қазақ тілің тұрмысқа шыққасын үйреніп алған.Отбасында тек қазақ тілінде сөйлеседі.
-Мені қазақ емес деп кім айтады?! Қазақтың әдет-ғұрпын сақтаймын. Мешітке барып, Аллаға құлшылық етемін. Ораза ұстаймын,-дейді қарт ана.
Диана ДОСКЕЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ 1-курс студенті