Қуатты бастама қолдауға мұқтаж
Қостанайда кез келген ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруға болады. Облыс орталығында оған нақты жағдай жасалған. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов шетелдік алпауыт компаниялардың өкілдерін тарту жұмыстарын жалғастыруды міндеттеді. Жаңа жобаларды да қолдауға әзір.
KazakhInvest АҚ облыстағы директоры Роман Теңізбаев астықты өңірде жаңа өндіріс ошақтарын ашу үшін бірқатар шетелдік компаниямен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, осыдан бес жыл бұрын елімізде "ARSTrading"ЖШС құрылды. Арбель компаниясының Орта Азиядағы құрылтайшысы Иззет Эркал.
"ARSTrading" ЖШС бұршақ дақылдарын сатып алумен айналысады. Ауғанстанға гуманитарлық көмек шеңберінде бұршақ экспортының едәуір өсуіне байланысты Арбель компаниясы Қазақстанда шикізаттан қаптамаға дейінгі толық циклді бұршақ дақылдарын қайта өңдеу фабрикасын салу жөнінде шешім қабылдады.
Жаңа өндірісті жүзеге асыру үшін Қостанайда"Кайдзен" ЖШС құрылды. Өткен жылы облыс орталығында 3,08 гектар жер телімі, қойма, үй-жайлары бар 6 500 м2 өнеркәсіптік база сатып алынды және теміржол тұйығы бар. Алдағы уақытта жер телімін 3,5 гектарға дейін кеңейтіп, қосымша 3 500 м2 қойма салу жоспарланған.
-Жоба шеңберінде 18 000 тонна шикізат сақтауға арналған қойма, өнімділігі тәулігіне 1 000 тоннаға дейін бұршақ дақылдарын өңдеудің екі желісін және 0,5 келіден 50 келіге дейін пакеттерге орау цехы салынады. Фабриканың үздіксіз жұмыс істеуі үшін 50-70 жұмыс орны ашылады. Жобаның құны 7 млн.АҚШ долларын немесе 3,3 млрд. теңге. Қазіргі уақытта өңдеу жабдықтарын монтаждау үшін өндірістік үй-жайларды дайындау және Түркия Республикасында өндірілген құрылғылар әкелінбек, -дейді Р. Теңізбаев.
Құрылыстың бірінші кезеңін аяқтау және қайта өңдеудің алғашқы желісін іске қосу биылғы ақпанға жоспарланып отыр.
Тағы бір ауқымды жобаны "БелМаг" ғылыми-өндірістік бірлестігі қолға алмақ. Кәсіпорын Ресейдегі автомобиль компоненттерінің жетекші өндірушісі. Ол жеңіл көліктерге арналған суспензия және руль бөлшектерін шығарады. Өнімді "АВТОВАЗ", "ГАЗ", "Рено", "Лада-Ижевск" және басқа да автозауыттардың конвейерлеріне жеткізіп береді. Қазіргі уақытта Қостанайда осы кәсіпорынның "Мозулев Г. И." ЖК дилерлік компаниясы жұмыс істейді. Әзірге, біздің облыста автокомпоненттер өндірісін кезең-кезеңімен іске асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бірінші кезеңде ел нарығында сату үшін кемінде 1 мың шаршы метр өнім сиятын қойманы жалға алу мүмкіндігі пысықталады. Екінші кезеңде өндірісті ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылады. Қазіргі уақытта жоба параметрлері есептеу сатысында тұр.
Сонымен қатар, Қазақстанда автоқұрастыру өндірістерімен ынтымақтастық байланыс орнатуға қызығушылық байқалады. Мәселен, "Орал пружина зауыты" ЖШҚ біздің облыста пружина, рессор, сымнан жасалған бұйымдар өндіріс ашуға ниетті.
Жобаның бастапқы кезеңінде 1 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылмақ. 50 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын алғашқыда айына 40-45 мың дана өнім шығаратын болады.
Ол үшін алдымен Қостанай индустиралдық аймағынан кемі үш гектар, асфальтталған кірме жолы бар жер телімі қажет.
Жер телімін алғаннан кейін компания Еуропадан қондырғыларды жеткізуге келісімшарттар жасауға, зауыт құрылысын бастауға дайын. Жабдықты өндіру және жеткізу шамамен тоғыз айға созылады.
-Былтыр наурыз айында елімізде картер және автомобильдің басқа да элементтері тәрізді автомобиль компоненттерін өндірумен айналысатын rivalkazakhstan компаниясы ашылды.
Компанияның бүкіл әлем бойынша 1500-ден астам клиенті бар. Әлемдік брендтермен жұмыс істейді. Оның өнімдері алпыстан астам елге экспортталады. Кәсіпорынның кеңселері Ресейдің Мәскеу, Екатеринбург, Германияның Бремен, АҚШ-тың Хьюстон, Техас қалаларында орналасқан. Қазіргі уақытта компания Қостанайда жеке нысанды жалға алып отыр. 1 100 ш.м. ғимаратта өндіріске арналған жабдықтарды кезең-кезеңмен орнатып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биыл компания өз жұмысын индустриялық аймағында жалғастырады. Өнім "Made in Kazakhstan"брендімен таңбаланады,-дейді компания өкілі.
KazakhInvest АҚ облыстағы директоры Роман Теңізбаев облыс әкімінен жоғарыда аталған жобаларды қолдауды сұрады. Ол үшін кей мәселені талқылау үшін аталған компаниялардың өкілдерімен іскерлік кездесулер ұйымдастыру шарт. Өңір басшысы облыста жұмыс істеуге ниетті барлық компания өкілдерінің басын қосып, үлкен инвестфорум өткізуге уәде берді.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.