Ұлың ұлықты, қызың қылықты болсын десек…
"Ұят болады". "Қостанай таңы" газетінде қыркүйек айының басында жарық көрген "Редактор әлеміндегі" осы төңіректегі әңгімеде қозғалған мәселе өте маңызды, және кез-келген адамның көкейінде жүрген жайттар екеніне еш күмән жоқ. Автор сол көпшіліктің көңілін сезімталдықпен дөп басыпты. Арада, талай күндер өтсе де, осы жазғаны жадымнан шығар емес. Сондықтан тәрбиелік мәні зор мақаланы тағы да жаңғыртуды жөн санадым.
"Ұят болады". Әке-шешеңнің аузынан шыққан осы сөздің тереңіне үңіліп, мағынасын зерттеп жатпай-ақ әлдебір жаман істерден сақтандыру екенін бала кезден түсініп өстік. Жаратушымыз пендесіне дарытар қасиетті адам бойына сіңіргенде, ақылды миына, мейірімді жүрегіне, ұятты бетінің ұшына жайғастырыпты деген аңызды естігенім бар. Әлденеден ұяла қалғанда бетіміздің ду ете қалатыны да осыдан шығар.
Өкінішке орай, ұлтымызбен ғасырдан-ғасырға бірге жасап келе жатқан осындай ұлы қасиеттер туралы бүгінгілердің кейбірінің түсі-нігі төмен екені шындық. Қазір өзіңнен шыққан балаға да "біз осындай болып едік" деп те нандыра алмайсың. Олар мектеп қабырғасынан бастап-ақ экономист, заңгер, т.б. беделді мамандықты таңдап, жайлы пәтер, жүйрік көлік, жарқ-жұрқ еткен өмірді мұрат тұтып жүр. Ашық-шашық киіну, бесік әлдиін "баю-баюға" айырбастау, басқа дінге көз салуға күнделікті куә болып жүрміз. Ал, үлкендер жағы болса, бас-қа елдің сериалдарына тәуелді болып, басымыз қосыла қалса "әлгі, пәленшенің құпиясын балалары біліп қалды, енді не болар екен?" деп өз баламыздан гөрі басқаларды уайымдап жүрміз. Бүгінде жеткен жеріміз осы. Осының бәрін құр айта бергенде не өнеді? Өзіндік қасиетінен айрылған ұлт өледі. Ұлтты өлтір-мейтін төлтума мәдениетіміз бен дініміз, тіліміз ғана. Сондықтан осы дәстүрімізді сақтап қалу жолында жастарға қол жалғап жіберу қажет-ақ. Ол үшін үйде әке-шеше, мектепте ұстаз, көшеде қоғам бейбастақ іс көрсе, "қалқам, ұят болады" деп өсірсек, олар бірте-бірте мәдениетке үйренетіні сөзсіз. Сөзімді түйіндей келе, газеттегі өзекті мәселелерге бей-жай қарамай, сырласайық.
Әсіресе, "Парасатты басшылық, көпші-лікке жақсылық" демекші, бас редактор Жанұзақ Аязбековтің қарапайымдылық, жылтыр өмір, Күнжан Әбеудің беташарды кешігіп жасау, т.б. өзекті жүрекжарды әңгімелері оқырманды сөзге тартып-ақ тұр. Бүгінгі бойжеткен ертеңгі ұлт ұяты, ұлдарымыз жарқын болашақтың тірегі болсын десек, біз де тәрбиеге атсалысайық, оқырман.
Роза Жарқынбекова.
Рудный қаласы.