Ауылға кел, жас маман

Бүгінде ауылды жерлерге жас мамандарды тарту да, оларды тұрақтандырып қалдыру да оңай емес. Десе де үкімет тарапынан барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Сол сияқты Аманкелді ауданы да бұл бағытта нақты жұмыстарды қолға алған.
Аманкелді аудандық ауруханасында кадр жетіспеушілік мәселесі туындалғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Аурухана әкімшілігі жастарды жұмысқа шақыру мақсатында еліміздің жоғары оқу орындарымен байланысып, болашақ дәрігерлермен келіссөз жүргізіп, ауылға мамандарды тартуда. Осындай жұмыстардың нәтижесі жемісті болды десе де болады. Қазір орталық ауруханада терапевт, хирург, стоматолог мамандары келіп, еңбек етуде. Онымен қоса былтыр анестизолог маманымен толықты.  
–Ауданда әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру бойынша да бірқатар істер қолға алынған. Медицина мамандарын даярлау үшін Қостанай облысы әкімінің тапсырмасы бойынша, облыстық мәслихаттың шешімімен жас мамандар 5 млн теңге көтермеақы ала алады. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 4 млн аса қаражат алып, пәтер алуына болады. Аудандық әкімдік тарапынан 300 мың теңгеден аса ыңталандыру қаржысы тағы бар. Міне, жастарға осындай көмек көрсетіліп, қызметтік пәтер кілті табысталып, жұбайларына әкімдік тарапынан мамандығына сәйкес жұмыс берліп жатыр, – дейді аудандық аурухана бастығының міндетін атқарушысы Жанар Каканова.
Расында да, аудандағылар келген дәрігерлерді құшағын жая қарсы алады, қолдау молынан. Қызметтік пәтер дейсіз бе, баспана алуға жеңілдетілген несие дейсіз бе, одан бөлек облыс әкімінің көтермеақысын қоса алғанда, барлық жағдай бар.
Туған жерді түлету үшін
Соңғы келген анестизолог Қасым Өмірбеков Алматы, Астана, Көкшетау, Өскемен қалаларында еңбек еткен, 25 жылдан аса біліктілігі бар білікті маман. Сол біліктілігіне қарамастан қаладан ауылға келіп, бар жинақтаған білімін туған еліне, халықына қызмет ету үшін ауылына бет бұрған.  
–Өзім осы ауылдың тумасымын. Қабырға, Алакөл ауылында туып, ата-әжемнің қолында өстім. Марқұм Өмірбек атамның есімі біздің өңірге жақсы таныс. Белгілі қимашы, емші еді. Ауылға еліміздің әр өңірінен науқастар келіп, ем алып жататыны есімде. Үйден қонақ арылмайтын. Атам алдына келген кісіге барынша көмегін беріп, ем-дом жасап, қима, түрлі аурударды емдейтін. Атамның осы қасиеті менің дәрігер болуыма әсерін тигізіп, қызығушылығымды оятты десем де болады. Арқалық қаласында мектепті бітірген соң медицина саласына түсуге дайындалдым. Әттең, алғашқы аяқалысым сәтсіз болды. Сонда да еңсемді түсірмей, Арқалық ауруханасында санитар болып бір жылдай еңбек еттім. Содан келер жылы медициналық иниституқа қайта құжаттар тапсырып, еңбегім ақталып, түсіп кеттім. Қуанышымды шек болмады. Балалық арманым орындалғанына қуанып, мәре-сәре болдым, – дейді дәрігер ағынан жарылып.
Оқуын бітірген жас маман еңбек жолын Қарасу ауданынан бастапты. Одан қалды Көкшетау, Астана, Алматы сынды қалаларда анестизолог болған.
–Бірнеше жыл бұрын өзімнің арқа сүйер Ахмедия ағам үйіме қонаққа келіп: «Қасым, арманың орындалып, жақсы білікті кадр болдың, енді бар біліміңді ауылға жұмса, еліңді көркейт, аудандық ауруханада сенің мамандығыңа сай маман жетіспейді, ауыл халқы ота жасату үшін қалаға ағылуда. Марқұм атаң елдің ортасында болды. Соңғы демі қалғанша халыққа ем көрсетті. Соның құрметіне болса да елге кел» деп ақылын айтты. Өзіңіз білесіз қалалалық жерде еңбекақымыз да, өміріміз де жақсы. Қаладан ауылға бару оңай шешім емес. Көп ойландым. Ағамның сөзі жаныма тиді. Ойласа келе отбасыммен туған еліме, жеріме, 40 жылдан соң қайта оралып, атамның ісін дәрігер ретінде жалғастырудамын, – дейді Қасым Өмірбеков. 
Мен ауылды аңсап келдім
Аурухана әкімшілігі жаңа келген мамандарға барлық көмек көрсетті.
–Маған қызметтік пәтер берілген еді. Бірақ мен бас тарттым. Себебі мен ауылды аңсап келген соң уақытша емес тұрақты тұрғым келді. Сол үшін облыс әкімдігі тарапынан бөлінген қаражатқа ақша қосып жақсы баспана сатып алдым. Мақсатым осы уақытқа дейін жинаған білімімді, біліктілігімді басқа да әріптесеріммен бөлісіп, науқастарды емдеу. Келгеннен бері онға жуық күрделі от жасап үлгерген екенбіз. Ауылға келгеніме еш өкінбеймін, – дейді кейіпкеріміз.
Қасым Байдосұлы бүгінде елдің ықыласына бөленіп жүрген жанның бірі. Сондай-ақ қаладағы әріптесерін де ауылға тартуда. Былтыр 30 жылдан аса уақыт жабылып қалған мәйітхана қайта жөнделіп, ашылған болатын. Бірақ маман тапшы еді. Енді осы кісінің бастамасымен ауылға паталоганаом, ЛОР және балалар дәрігері отбасымен ауылға келмек. Ұнап жатса, ауылға тұрақтамақ ниетте.
Мемлекет әрдайым ауылда жұмыс істеймін, еңбек етемін деген маманға, соның ішінде дәрігерлерге зор қолдау көрсетуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан қолдау маңызды екеніне ерекше тоқталды. Осылайша биыл дәрігерлердің еңбекақысын өсіргеннен бөлек, дәрежесінің, беделінің артуына да баса көңіл аударуда. Ендеше, жас маман, дипломыңды қолға ал да ауылға кел, ауылды көркейтуге үлес қос.
Аманкелді ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓