Атына заты сай
Қайсар Ақпанов – Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің 2009 жылғы түлегі. Ол жоғары оқу орнында оқып жүріп-ақ жаңадан салынып жатқан металилектеу зауытына жұмысқа шақыртылады. Осыны ескерген университет басшылығы Қайсардың оқу бағдарламасына да бірқатар өзгерістер жасаған көрінеді. Бүгінде жас маман – бірлестіктің мақтанышы. Жеті жылда қатардағы жұмысшыдан бас прокатшы қызметіне көтерілуі Қайсар Мұхаммедияұлының өз ісіне деген жауапкершілігін, әрі кәсіби біліктілігін байқатса керек. Алған жоғары білімін өз ізденісімен жетілдіруге ұмтылған ол металлургия саласын жан-жақты зерттеп, жұмысына жаңашылдықтар енгізіп, өндірістің өркендеуіне үлкен үлес қосуды армандайды. Осы мақсатпен 2015 жылы комбинатта ұйымдастырылған «Ұсыныстар жәрмеңкесіне» арнайы жоба да дайындады.
– Басты мақсатым – Металилек зауытында құйылатын құймалар көлемін ұлғайту болды. Көп ізденіс пен есептеулер нәтижесінде сұрып илектеу станында 120 мм-лік құйманың орнына 150 мм-лік құйманы шығаруға болатынын дәлелдедім. Өйткені, әлемдік прокаттық өндірістерде үлкен дайындамаларға сұраныс басым. Енді бұдан былай кен алыбынының сұранысын ғана емес, жаңа нарыққа шығып, басқа да ірі компаниялардың сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік туды, – дейді Қайсар Ақпанов.
Жаңалыққа жаны құмар жас жігіттің өнертапқыштар жәрмеңкесіндегі ұсынысы жоғары бағаланып, бірлестік әкімшілігі тарапынан қолдау тапты. Зауыт шығаратын өнім түрі мен еңбек өнімділігі артып, кәсіпорынға қосымша табыс әкелді.
Қайсар күнделікті жұмыстан бөлек қоғамдық-мәдени шараларға да белсене араласады. Салауатты өмір салтын ұстанып, бірлестіктің спорт кешенінде жаттығулар жасағанды, бассейінде жүзгенді ұнатады.
– Жан-жарым мен екі кішкентайымды алып, серуен құрғанда бақыт құшағына енгендей күй кешемін, – дейді кейіпкеріміз. Ол өзінің енгізген жаңашылдығын ағымдағы жылдың қараша айында Астана қаласында өтетін жас инноваторлар форумында ортаға салмақ. Сондықтан жас маманға алдағы маңызды жоспарларын жүзеге асыруына тілектестік білдіреміз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный ақаласы