Қос ауыл ауыз сумен қамтылды
Соңғы кездері Сарыкөл ауданы бойынша ауыз су мәселесі оңтайлы шешімін тауып отыр. Жақында Қара-Оба ауылы мен Крылов елдімекенінің халқы қос қуаныштың куәсі болды.
Бұл ауылдарға қысқа мерізімде тартылған сапалы ауыз су «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында жергілікті биліктің мердігерлермен бірігіп атқарған жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды. Айта кетейік, Қара-Оба ауылына сапалы ауыз су сақтайтын мұнара салынса, ал Крылов ауылына үйді-үйге ауыз су тартылды.

-Соңғы кездері ел көлемінде ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамытуға зор көңіл бөлініп отыр. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде іске асырылуда. Жалпы, осындай ауылдық жерлерде әлеуметтік мәселелердің шешілуі халықтың өмір сүру деңгейін арттырады. Міне, бүгінгі судың келуі ауыл тұрғындары үшін өте қуанышты оқиға, – деп атап өтті Амантай Кәкімбекұлы.
Өркениетті өмір жайлылығын сезінген ауылдар – Қара-Оба мен Крыловтың тұрғындары да игілікті істердің атқарылып жатқанына дән риза. Ауылға ауыз судың келуі кәріні де жасты да қатты қуантып отыр.
– Біз үшін аса маңызды болып отырған ауыз су мәселесі өз шешімін тапты. Қуанышымызда шек жоқ. Осындай игілікті істің басы-қасында жүрген жергілікті билікке, әкімге және мердігерлерге зор алғыс айтқымыз келеді, – дейді Қара-Оба ауылының тұрғыны Тұрсынзада Әсембеков.


Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы