Олжасы – он миллион теңге

Бүгін Қостанай қаласындағы киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері Қостанай қаласының 31 жастағы тұрғынын ұстады. Бұрын сотталған күдікті ұзақ уақыт бойы тұрғындарды тұзағына түсіріп, оңай жолмен олжаға тауып келген.
Ол азаматтардың дербес деректерін пайдалана отырып, әлеуметтік төлемдер алу және көмек көрсету сылтауымен оларға екінші деңгейдегі банктерде тауарлық несиелер ресімдеткен. Мәселен, өткен жылдың қараша айында оның арбауына түскен қостанайлық тұрғын ойланбастан несие алып берген.
Жәбірленушінің айтуынша, ер адам оның үйіне келіп, тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсететінін, ол үшін жеке куәлігі керек екенін алға тартқан. Сендіру үшін ол жаңа жыл қарсаңында азық-түлік жиынтығы мен балаларға сыйлықтар берілетінін айтады. Куәліктің көшірмесін алғаннан кейін ер адам қажетті құжаттарды рәсімдеуге уәде берді. Әйел сыртынан ресімделген тауарлық несиесі бар екенін бір аптадан кейін, банктердің бірінің қосымшасынан көреді. Ойда жоқта банкке 1 млн 119 мың теңге берешек болып шықты. Бұл сомаға алаяқ қымбат телефон және оған аксессуарлар алған.
"Қостанай облысы ПД киберқылмыспен күрес бөлімі күдіктіні ұстады, 190-баптың 2-б. (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол осыған ұқсас 12 қылмыс жасап, "жемтіктерін" жалпы сомасы 10 млн теңгеден асатын шығынға батырды деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – дейді ПД баспасөз қызметіндегілер.
Полиция азаматтарды барынша сақ болуға, алаяқтардың құрбанына айналмас үшін жеке мәліметтерді бейтаныс адамдарға бермеуге шақырады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓