Жылқышы

Қостанай облысы алтын астығымен, төсінде өрген түлігімен танылған. Бір сөзбен айтсақ, теріскейде ауыл шаруашылығы көш ілгері. Тобыл-Торғай бойында мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беріп отыр. Мұндағы жастардың да Үкімет ұсынған көмектің шарапатына шомылып отқан жайы бар. Соның бірінен мысал келтірейік.
Біреу «мал ұстайды» десе, көз алдымызға, әдетте, ауылдағы алпамсадай жігіттер елестейді, бірақ бұл жолы олай емес. Арқалық қаласының 26 жастағы тұрғыны Салтанат Сыздықова бір үйір жылқы бағып отыр. Өрімдей қыздың бұл ісі көпке үлгі.IMG_2320 - копия
Ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан 4 пайызбен 5 млн теңге көлемінде несие алып, ата кәсіпке бет бұрған. Салтанат бұған дейін де жеке кәсіптің жөнін білген жан. Арқалық қаласында дүкені мен шаштаразы бар.
-Мамандығым бойынша заңгермін, бірақ жеке кәсіпте жүргенді дұрыс санаймын. Өзіңді бар қырынан көрсетуге мүмкіндік береді. Оның үстіне, ата-анам да кәсіпкер болған. Бизнес мен үшін тансық емес, ойласа келе, тағы да бір жұмысты қолға алғым келді. Ауылшаруашылығын қолдап, несие беріп жатыр дегенді естіген соң ойланбастан кірісіп кеттім. Менің кепілге қойған мүлкімді есептей отыра, олар 3 жылға 5 млн теңге берді. Екі айдың ішінде барлық құжат дайын болды. Алған ақшама Аманкелді аудана қарасты ауылдардан таңдап жүріп, 17 жылқы сатып алдым. Өйткені, қылқұйрықты қолға ұстап, әуреге түсудің қажеті жоқ. Қысы-жазы тебіндеп, далада жүреді. Келетін пайда да көл-көсір,-дейді жас кәсіпкер.
Салтанаттың қадамы құтты болса керек, ол бар-жоғы 5 жылдың ішінде кәсіп көзін ұлғайтып үлгерді. Бүгіндері өзі басқаратын «Сыздықова» жеке кәсіпкерлігінің меншігінде бір дүкен, бір шаштараз және мал бордақылау алаңы бар. Оның айтуынша, Арқалық қаласының маңында жері болмағандықтан, жылқылар әзірге Меңдіқара ауданындағы ағасының қолында екен.
-Қазір қалаға жақын маңда жерім жоқ. Сондықтан, ағам көмек көрсетіп отыр. Бұйырса, бордақылап, сатып және мал басын көбейту жоспарда бар. Жұмыстан қашатын мен емес, «ерінбеген етікші болады» дейді халық, міне, бастысы ерінбеу керек. Қыз бала шаруашылыққа араласып, ел қатарлы жұмыс істесе, еш айыбы жоқ. Әркім өз әліне, қабілет-қарымына қарай еңбек етеді емес пе?! Әрине, ауырлығы да қатар жүреді, бірақ бастаған істі аяғына дейін жеткізу қажет,-дейді Салтанат.
Оның қарамағында 5 адам жұмыс істейді. Іс алға басса, жерлестеріне жұмыс тауып беруге әзір. Айтуынша, жастар жұмыла кіріссе, алынбайтын қамал жоқ.
-Қатарластарымды үнемі жеке кәсіпке шақырып жүремін. Үкіметтің қолдауы бар, сұраныс бар. Бәрі өзімізге байланысты. Жастар бір желпінсе, алынбайтын қамал жоқ. Әрқашан елдің қозғаушы күші әрі болашағы жастар болып қала бермек,-дейді Салтанат Сыздықова.   
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓