Белгілі сазгер-композитор, әнші, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, Қостанай қаласының құрметті азаматы Қалибек Деріпсалдин мерейлі 70 жасқа толды. Мақтан тұтар жерлесіміз мерейтойына орай құрметке бөленіп, алғысқа кенелді.

Қалибек ағамыз – Тобыл-Торғай өңірінің сазгерлік өнерін өрге сүйреген өнерпаз, тұтас елге танымал тұлға, ерек дарынымен бедел биігіне көтерілген жан. Әйгілі Әсет Бейсеуовтерге шәкірт болып, Бақытжан Байқадамов, Әбілахат Еспаев сынды майталмандардың ізін жалғап, тұма өнердің тұнығынан сусындады. Алды жыр анасы Мәриям Хакімжановадан бастап, Ғафу, Тұманбай, Серік Тұрғынбекұлы, Серікбай Оспан сынды азулы ақындардың сөзіне ән жазды. Оның ән қоржынында 160-тан астам туынды бар. Болмысы бөлек, әуезі ерек шығармалары биік сахналардан шырқалып, бірнеше буын ұрпақты әлдилеп келеді. «Айлы түнде», «Ерке құсым», «Жан еркем», «Қостанай, достар-ай», «Көктем қыздар», «Сен мені түсінесің бе?», «Арман айым» секілді әндері өнерсүйер қауымға кеңінен танымал. Өзі талай республикалық байқауларда лауреат атанған. Сазгердің әндерін орындаушылар арасында «Көктем қыздар» атты республикалық байқау да жыл сайын өткізіліп келеді… Тізе берсек, композитордың мерейлі жетістіктері жетіп-артылады. Сұңғыла сазгерді ән әлемінің саңлағы деген жалғыз ауыз сөзбен әспеттесе болатындай.
Айта кетейік, қазір мерейтой иесінің құрметіне облыстың аудан-қалаларындағы мәдениет үйлерінің ұжымдары арасында композитордың әндерін орындаудан челлендж жүріп жатыр. «Көктем-қыздар» республикалық ән байқауына қызу дайындық басталып кетті. Жыл сайынғы дәстүрге айналған бұл іс-шара биыл да жоғары деңгейде өтіп, әнсүйер қауымға ерекше әсер сыйлап, сазгер шабытына серпін бере түсер деген сенімдеміз.

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев