Лисаковта 36 баласы бар отбасы тұрады
Моно шаһарда Шукуровтар отбасы 36 бала тәрбиелеп отыр. Дүниеге үш перзент әкелген ерлі-зайыптылар соңғы бес жылда балалар үйінен 33 баланы асырап алған. Балаларды туғанындай көреді.
Бірден жеті баланы асырап алды
Рустам Шукуров пен Муззама Мансурова үнемі үлкен отбасы болуды армандағандарын айтады. Өздері де көпбалалы отбасында өскен.Алайда үш баласы ажал құшып, қалған үшеуі ғана тірі қалған. Қазір ұлдары Юлдаш пен Шерзод ержеткен, ал қызы Шакира – 16 жаста. Шакира кішкентай болғанда ойнайтын ешкім болмайтын, іші пысқанын айтатын. Сол кезде арманымызды орындап, балалар үйінен бала асырап алуды шештік. Бір-екі бала алғымыз келген. Келіп, танысқан соң бірден жеті баланы асырап алдық. Кейін тағы қосылды, – дейді Муззама.
Ал, жұбайы Рустам немерелі болуды аңсайтынын жасырмады.
Күн сайын 30 бөлке нан
«Аллаға шүкіршілік, балаларымның барлығына тәуба деймін. Ешқашан жаным қиналып, ренжіген емеспін. Өзіміз неліктен көп бала асырап алғанымызға сараптама жүргіздік. Бұрын өзіміздің дүкеніміз болды. Бізді «Лисаковтің жеміс патшалары» дейтін. Себебі 90-жылдары көтерме саудамен шұғылдандық. Сондықтан бір-екі баланы ала алмаймыз. Бірден бірнешеуін асырап алуға тура келді. Әлі де бала асырап алғымыз келеді. Бір ғана мысал, жақында Солтүстік Қазақстан облысы Саумалкөл балалар үйінен сегіз баланы асырап алмақ ниетіміз болды. Күн сайын барып, ниетімізді білдіріп, барып тұрдық. Жеме-жемге келгенде, балалар үйінің басшылығы мен үй қамқоршылығы кедергі келтірді. Міне, екі жыл өтті. Сол балалар әлі балалар үйінде , – деді Рустам.
Тоңазытқыш алдын ала дайындалған тағамдарға толы. Отағасының айтуынша, олар тек табиғи өнімдерді тұтынады. Басым бөлігі өз бау-бақшада өсірілген өз өнімдері.
Ерлі-зайыптылар күнделікті барлығына үлгеру қиын емес екенін қосып өтті. Анасы қыздарын бұл іске араластырмай, тамақты өзі дайындайды екен. Отбасы үлкен болғандықтан, тамақты да арнайы құралдармен жасайды, ал қыздары үшін бұл қауіпті болуы мүмкін. Ал, күн сайын бұл отбасына 30 бөлке нан керек.
Үлкені – Катя, кенжесі – Азиза
Үйдегі үлкен балалардың бірі – Катя. Оның жасы 18-де. Бұл үйге бір жыл бұрын келген. Үш жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген ол қазір студент. Туған анасы ата-ана құқығынан айрылған. Әртіс мамандығында білім алатын ол болашақта театр сахнасында өнер көрсетуді армандайды.
«Мұнда балалар үйіне қарағанда әлдеқайда жақсы, мейірімге толы. Барлығымыз бауырмыз. Демалысқа келдім. Бауырларыма Жаңа жылға шағын сыйлықтар жасадым, – дейді ол.
Үйдің үлкендері соңынан ерген іні-қарындастарына үй тапсырмасын орындауда көмектесіп, спортта үлгі болады екен. Балалардыңң оқу үлгері жақсы. Қазір Музамма мен Рустам тәрбиелеген 8 студент әр қалада білім алады. Ал, ата-анасы оларға тұрғын үй және азық-түлікпен көмектеседі. Ең кішкентайы Азиза – 6 жаста. Келесі жылы бірінші сыныпқа барады.
Лисаков қаласы.
-
Елімізде 107 балалар үйі бар;
-
Балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны – 4 606;
-
Соңғы бес жылда 795 отбасы 1 153 баланы асырап алған;
Шұға ҚОҢҚАБАЙ.