Тәрбие – үйде, қылмыс – түзде

Қазіргі таңда балалар арасындағы зорлық-зомбылық, олардың тұрмыстық жанжалдар мен әлімжеттіктен көретін қорлығы қоғамымыздың өзекті мәселесіне айналып отыр. Өңірімізде жыл басынан бергі бес айда жасөспірімдер қылмысы 40% дейін төмендегенімен, осыған қарамастан, өткен жылдың мерзімімен салыстарғанда, аймағымыздың Лисаков қаласы, Әулиекөл, Қарасу аудандарында балалар арасындағы қылмыс деңгейі өршіген. Ал жыл басынан бері кәмелектке толмағандарға қатысты 66 зорлық-зомбылық әрекеті тіркеліпті.ui-534cbe98006a31.10863816Міне, осы және басқа да мәселелер аймақтық әкімдікте өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында талқыланды. Облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Н.Ысмағұлов үстіміздегі жылы кәмелетке толмағандарға қатысты кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, қарақшылық шабуыл қатарлы ауыр санатты қылмыстарға жол берілген жоқтығын баяндады. Тонау, бұзақылық, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар да төмендеген:
– Жалпы алғанда, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс 2,5, ал зорлық-зомбылық әрекеті 2 есеге азайып отыр. Балаларға айуандықпен күш көрсету бойынша 5 дерекке қатысты процессуалдық шешім қабылданды. Негізінен зардап шегетіндердің көбі 13 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер. Соның басым бөлігі – қыз балалар. Ал қылмыс көп жағдайда түнгі мезгілдерде жасалады.
Н.Ысмағұлов сонымен қатар, жеткіншектер түнгі уақыттарда сауық құруға баратын көпшілік орындарының қожайындары мен балаларын бетімен жіберетін ата-аналарға қатысты жауапкершіліктің күшейтілгенін жеткізді. Полиция қызметкерлерінің түрлі акцияларды өткізуінің нәтижесінде тәуліктің қараңғы мезгілінде көшелер мен көпшілік жерлерді кезіп жүрген 1079 жасөспірім анықталса, соның 29-ы ойын-сауық орындарында болған. Мұның сыртында үнемі ұрыс-жанжал шығатын 525 отбасы есепке алынып, 159 ата-ана жауапқа тартылыпты.
Жалпы, жаңа қылмыстық кодексте де кәмелетке толмағандарға қарсы қылмысқа қатаң жаза белгіленген. Сондай-ақ, қазір тұрмысына селсоқ-салғырт қарайтын ата-аналарға үйінде алкаголь ішімдігі мен есірткі заттарын 3 айдан 1 жылға дейін тұтынуға тыйым салуды сот тәртібімен енгізу ұсынылып отыр екен. Ал оқушылардың бұзақылығы жайында ішкі істер органдарына хабарламай, жасырып-жабатын мектеп әкімшілігін жауапкершілікке тарту туралы заң 2017 жылдан бастап күшіне енбек.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, қазіргі уақытта сабағын 10 күннен артық үзген оқушыларды қадағалауға алу күшейтілсе де, мектепке келмей жүрген жеткіншектер әлі де бар екен. Өткен оқу жылының басында 22 оқушы себептен-себепсіз білім ордасына бас сұқпаған. Қолға алынған шаралардан кейін 17 жеткіншек оқуға қайтарылыпты. Ал 5 оқушының ата-анасы балаларын сабаққа жіберуден үзілді-кесілдлі бас тартып, арыз жазған екен. Аймақ басшысы А.Мұхамбетов облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары К.Ибрагимовке осы аталған бес жеткіншекті қыркүйек айына дейін мектепке қайтарып әкелуді, осы жағынан жұмыстар жүргізуді тапсырды. Әйтпесе, бұзақылықтың өзі осындай қараусыз балалар арасынан шығып жатыр деді. Өңір басшысы сонымен қатар, жауапты орган басшыларына жазғы лагерьлерді ұйымдастыру, ондағы қауіпсіздік пен қылмысқа жол бермеуді қадағалау қажеттігін тағы бір мәрте тапсырды.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓