Елге пайдам тисін деп…
Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы «Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп ұрпағына мың жылдық азық болар ұран сөз айтып кетті. Адал еңбекпен тапқан нан тәтті болады. Қазіргі заман кәсіп ашып, шаруашылық шеңберін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Біз жеке басымыздың қамы үшін емес, ел үшін еңбек етуіміз керек. Кәсіп ашсаң да, шаруа қожалығын құрсаң да жұмыс күшін көбейткен абзал. Мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктерді жеке мақсатымызға ғана пайдаланбауымыз керек. Қанша адам екі қолға бір күрек таба алмай сенделіп жүр. Сондықтан біз жұмыс орнын ашып, жұмыссыз жүрген адамдарды еңбекпен қамтуымыз керек деп білемін. Мен өзім осы бағытты ұстанамын. Елге пайдам тиіп жатса, одан асқан бақыт жоқ.
Жас болсам да кәсіпке бет бұрып, 2017 жылы жергілікті мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелдім. Әуелі ұсақ-түйек шаруалармен айналысып, тәжірибе жинақтадым. 2020 жылы өз күшіммен «Үш жүз» шаруа қожалығын құрдым. Бас кезінде қиналғаным рас. Ата-анам мен бауырларымның қолдауы зор болды. Еш нәрсе оңайлықпен келмейтінін түсіндім. Шаруа қожалығын құрғандағы негізгі мақсатым – қой шаруашылығын дамыту. Бүгінде 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Қосымша тағы осынша адамды уақытша жұмысқа алдым. Алдағы уақытта келісімшарт жасап, ол адамдарды тұрақты жұмысқа орналастырамын. Жұмысшылардың еңбекақысы 120 мың теңгеден кем емес. Оларға жұмыскерім ретінде емес, жанашыр бауырларым деп қараймын. Үнемі жағдайларын жасап келемін. Ешнәрседен тарыққан емес. Бар күш-жігерін жұмсап, адал қызмет етуде. Аудан орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан Шортанды елді мекеніндегі шаруашылығым ілгерлеп келеді. Ол жерге жұмысшыларға арнап заман табалына сай үй салдым. Қора-қопсысы да сайлы. Күн сәулесінен қуат алатын электр жарығын іске қосып қойдым. 23 мың гектар жерім бар. Оның ішінде 50 гектары шабындық. Қысы-жазы малға жайлы. Мемлекеттен алған жерді мақсатты пайдалану – менің басты ұстанымым. Жалпы, біздің аудан мал шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы жер. Тек кері тартып, жалқаулықтың қамытын кимесең болғаны. Алға қойған жұмыс жоспарларым бар. Ол енді уақыт еншісінде. Етті бағыттағы қой өсіріп жатырмын. Үш мың бас қойым бар. Шеген ауылына арнайы бордақылау алаңын салдым. Шаруа қожалығына тиесілі 3 трактор, 1 «Газель» және бір «Камаз» автокөлігі бар. Қар аршитын ротор, шөп шабатын және шөп буатын техникалардың жаңалай алдым. Әрине, ебін таба білсеңіз, әр істің пайдасы шаш етектен. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикасының дамуына өзіндік үлесімді қоса білсем, туған жерге деген перзенттік борышымның бір бөлігі орындалғаны деп ойлаймын.
Еркебұлан МЫРЗАҒАЛИЕВ,
«Үш жүз» шаруа қожалығының басшысы.