ӨНДІРІС НЕГЕ ҚҰЛДЫРАДЫ?
Облыста тау-кен өндірісі едәуір кеміген. Бұл көрші елдердегі геосаяси жағдайға байланысты туындап отыр. Мәселен, "ССКӨБ" АҚ-на Ресейдегі санкциялардың "салқыны" әсер еткен. Онда өткен жылдың қорытындысы бойынша темір кені концентраттарының өндірісі 41,4% – ке төмендеді. Комбинаттың негізгі тұтынушысы "Магнитогорск металлургия комбинаты" АҚ рудныйлық кәсіпорынның 60% өнімін сатып алатын. Қазір өнімді жөнелту тоқтап тұр. Сондай-ақ, Лисаковтағы кен өндіретін "Өркен" ЖШС-інде де түйткілді мәселе көп. Дәлірек айтқанда, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ында темір кені концентратына қажеттілік азайған.




-Тау-кен өндірісінде жағдайды қалпына келтіру үшін нарықтың басқа да балама көздерін іздестіріп, олармен келіссөздер жүргізу керек. Мұның сыртында "ССКӨБ" АҚ басшылығы өнім өңдеу саласын жолға қою жайлы ойластырған жөн. Бұған дейін ондаған жыл бойы біз өнімді көрші мемлекетке, басқа елдерге сатумен келдік. Ал елде темір жетіспейді. "Өркен" кәсіпорынында да көрсеткіш екі есе азайған. Сондықтан, мұнда да өнім өткізу жағын іздестіру керек. Қарап отыруға болмайды. Кәсіпорында 600-ден астам адам жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз өте ауқымды жұмыс көзі. Мен сіздердің нақты жауаптарыңызды күтем,- деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысының айтқанындай, Лисаков қаласында 2015 жылдан бері спирт және ликер өнімдерін шығаратын "Алтын өмір" ЖШС-нің жұмысы тоқтап тұр. Соны іске қосу қажет. Өйткені, кәсіпорынның да экономикаға едәуір әсері бар. Облыс әкімі кәсіпорын басшылығына жақын арада "Жол картасын" әзірлеуді тапсырды.
Әлібек ЫБЫРАЙ.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.