Науырзымның балмұздағы

Науырзымдық көп балалы ана өз қолымен балмұздақ істеп сатады. Кәсіпкер “Тәтті әлем” атты дүкенін мемлекет ұсынған 1 225 200 мың теңге грантқа ашып алған.
Бүгінде ауыл-аймақты жаңғырту бағытында нақты жобалар бекітіліп, кеңінен қолданылуда. Бұрын гранттар өз кәсібін ашқысы келетін және кәсіпкерлік негіздері курстарын бітірген барлық жұмыссыздарға берілсе, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастарға, атаулы көмек алатын аз қамтылған отбасы мүшелеріне, көп балалы отбасыларға, қандастарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған жандар мен  мүгедектігі бар тұлғалар да беріле бастады. Жалпы Науырзым ауданында кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтар аз емес. Оларға аудандық жұмыспен қамту орталығы бағыт беріп, қолдап отырады.
–Мен көп балалы анамын. Балаларым мектеп жасында. Оларды қыдыртып, балмұздақ, тәтті мақта, попкорн жегілері келгенде қалаға апарамыз. Ол да бір машақат. Аудан мен қала арасы біршама шалғай екенін білесіздер.  Бір күні балмұздақты өзім де жасасам болады ғой деген ой келді. Ең бастысы қажетті құралдарды алып, жолын үйренсем болады. Ауылды жерде қиын болмас деп, жолдасыма өз ойымды айттым. Электронды “Еңбек” биржасы арқылы “Бастау бизнеске” өтінім беріп, 14 күн оқыдым. Оқығаннан кейін бізге арнайы сертификат берілді. Содан мен жеке тұлға ретінде тіркеліп, жұмыспен қамту орталығына барып бизнес жоспарымды көрсетіп, белгіленген уақытта комиссия алдында өз жобамды қорғап шықтым. Басында, әрине, қобалжу болды. Осылайша жұмыспен қамту орталығынан мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Содан жодасым екеуіміз балмұздақ, тәтті мақта, попкорн жасайтын қондырғылар іздеп, тапсырыс бердік. Өзімізге қажетті қондырғыларды Астана, Қарағанды және Қостанай қалаларынан сатып алдық, – дейді жас кәсіпкер Алтынай Софина.
Жалпы біз кәсіп бастасақ көлемді дүниені ойлай бастайтынымыз рас. Ал ақша тиыннан құралатынын ойлап жатпаймыз. Ал балаларға балмұздақ сату әр  аудан орталығына қажет десек те болады. Себебі кез-келген ата-ана баласына тәтті алып беруге дайын. Әсіресе жаз айларында сұранысқа ие болары анық.
Қазіргі уақытта Алтынай балмұздақтың үш түрін дайындап сатады. Шоколадты, бабл гам, ванильді балмұздақтары табиға таза өнімдер. Бір балмұздақтың құны – 250 теңге, 1 келісі – 2500 теңге. Бұл баға қаламен салыстырғанда арзан, әрі дәмді.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Әміров Алтынай ханымды құттықтап, одан әрі дамуына сәттілік тілеп, ыстық лебізін білдірді. Өз кезегінде аудан тұрғындарына көкейде жүрген бизнес – идеялары болса, жауапты мекеме ұйымына барып ұсыныс тастаса, мемлекет қашанда қолдауға дайын екенін тілге тиек етті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 11 қаңтардағы ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес бизнес-идеяны іске асыруға арналған мемлекеттік грант мөлшері 2 есе – 200 АЕК-тен (612 600 теңге) 400 АЕК-ке дейін немесе 1 225 200 теңгеге дейін ұлғайтылған болатын.
 
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.
Науырзым ауданы.
Суреттерді түсірген Ж.Мырзағалиқызы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓