Ислам мен ипотека: үйлесімін тауып, үй алуға бола ма?
Осы мәселенің ара-жігі, қайшылығы мен қабысатын тұстары туралы дін өкілдері және тұрғын үй саласы мамандары пікір айтты, деп жазады Экспресс К.Аталған сайт кеше дін өкілінің ипотекаға шариғат тыйым салатыны, пәтер жалдап тұру ләзім екені жөнінде уағыз айтқанын жазған. Оны оқырмандарымыз қызу талқыға салып, әлеуметтік желілерде әртүрлі пікір жазды. Салмақты ой айтқандардың бірі — тұрғын үй саласының сарапшысы Айбар Олжаев. Ол Facebook-тегі парақшасында осы мәселені жіктеп-жіліктеп берген. Экспресс К-дағы ақпарат түрткі салғанын айтқан ол пәтер жалдау мен ипотеканың артық-кемін салыстыра келіп, оның дінге қатысты тұстарын айтқан.
"Классикалық кредиттің, яғни ипотеканың ажырамас бөлігі — банк проценті. Онсыз кредит жүйесі жұмыс істей алмайды. Бірақ исламда ол өсім — "Риба" деп аталады және онымен айналысу, оған қатысты болу ауыр күнәнің біріне жатқызылған. Жалпы, рибаның екі түрі бар, процентке қатыстысы "Риба ан Насиа" деп аталады. Осы кезде дінді берік ұстанатын, бірақ баспаналы болу үшін ипотекадан басқа жол таппай тұрған азаматтарымыз қиын жағдайға тап болады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, шариғатты бұзбай, ипотекаға үй алуға бола ма? Иә, болады", — дейді ол.
Жазба авторының айтуынша, бұл мәселеде еліміздегі халал банк көмекке келе алады. Сарапшы одан әрі мұндай банктің артықшылықтарын түсіндіреді.
"Ислам ипотекасы "Мурабаха" құралы арқылы жұмыс істейді. Ол сауда принциптеріне негізделген. Мысалы, сіз клиент ретінде үй таңдайсыз. Ол тек қана жаңа, бастапқы болуы шарт емес. Қолдан (вторичка) алуға да болады. Үй таңдайсыз да, 30 пайыз алғашқы жарнасын төлейсіз. Одан кейін қалған 70 пайызын банк өзі қосады да, барып сол үйді банктің атына сатып алады. Үстіне ақша қосады да, жаңа баға тағайындайды. Сөйтіп, сізге сол үйді процентсіз бөліп төлеуге береді", — деп тәптіштейді автор.
Банк деген аты болған соң бұл да пайда табады екен. Бірақ формалды түрде шариғат бұзылмағандықтан, клиент те, банк те күнә арқаламайды.
"Жалпы ислам ипотекасына келгенде бірінші кезекке тиімділік емес, шариғатты бұзбай баспаналы болу мүмкіндігін қою керек. Демек, қаржы нарығында дін жолындағы адамдарға да тең мүмкіндіктер қарастырылып жатыр деген сөз. Сондықтан Қазақстандағы ислам банкингінің перспективасы зор. Осыдан біз ипотека мен Ислам бір-біріне қарама-қайшы емес екенін көреміз. Ипотека шариғат аясында заңдасып, гармониялық үйлесім тапты", — деп ойын түйіндепті Айбар Олжаев.
Ипотеканың ислам дініне қайшы екенін біліп, бір шешімге келе алмай жүрген азаматтарға "арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін" жолдың бар екенін ҚМДБ қызметкерлері де растады.
"Жалпы, шариғатта өсімпұлы бар дүниелерге тыйым салынатыны ақиқат. Оның қатарына осы ипотеканы қосуға болады. Дей тұрғанмен мұқтаждықтан өз еріктерімен таңдау жасап жатқан адамдардың қайсыбірінің қолын қаға беруге болады? Дінге бойұсынған, шариғат заңын барынша ұстанатын азаматтардың халал банкке жүгінуіне болады ғой. Оның ереже-шарттары дін талаптарына қайшы келмейтіндей етіп жасалған", — дейді ҚМДБ пәтуә бөлімінің мамандары.
Діни қызметкерлер кешегі "әріптестерінің" халықты пәтер жалдап тұруға шақырғанын, жалдамалы үйде иманды ұрпақ өсетіні туралы айтқанын құптамады.