АУЫЛДАН ЕШТЕҢЕ АЯМАУЫМЫЗ КЕРЕК
Бейімбет Майлиннің "Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз" деген керемет бір сөзі бар. Бұл мәселе әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Неге? Өйткені, ауыл – халқымыздың түп-тамыры, қайнар көзі. Расы керек, бүгінде кейбір ауылдың қадірі қашты. Жұмыссыздық белең алып, көбі көшіп кетті. Мұндайды болдырмау үшін, әрине, жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері күрт қимылдауы қажет. Қоғамның ең басты капиталы – адам десек, оған сол тұрғылықты жерде лайықты жағдай жасалуы шарт.
Үйсіз жүргендерге үй салып бер, жұмысқа орналастыр, жалақысын көбейт. Сосын әр ауылда жастар демалатын орын, мектеп, балабақша болуы керек. Міне, сонда ғана тұрғындар өз туған топырағынан ауып ешқайда кетпейді әрі жұмысты да алаңсыз істейді.
Бизнестің әлеуметік жауапкершілігін бір сәт те естен шығаруға болмайды. Мен жұмыс барысымен Америка, Еуропа елдеріне жиі барамын, сонда шағын фирмалардың өзі тұтас қалаларды асырап отырғанына көзім жеткен. Олар ең әуелі елді мекендердің еңсесін тіктеп алған. "Бір тал ексем де, пайдам тисін" деген кәсіпкердің ғана ісі алға басады. Біз осыны ұмытпауымыз керек.
Бәріміз де ауылда туып-өстік. Мен жиырма жыл "Бестау" кеңшарын басқарғанда халық саны 820 адамнан 3500-ге көбейді. Бұл нені көрсетеді? Ауылға қол ұшы, көмегіңді аямасаң ғана адам тұрақтайды. Олардың отын-суын тегін түсіріп бер, жыл сайын инфляцияны есепке ала отырып, жалақыларын 10%-ке болса да өсір. Қарамағыңдағы адамға жағдай жасаймайынша, еңбегің еселенбейді. Біздегі көп шаруа қожалығы, ЖШС-тер әлі күнге осыны ескермейді. Бір жерде тұрақты жұмыс істеген адамға сенім де күшейеді. Мәселен, өзгелерге қарағанда біздің шаруашылықта жұмысшылардың жалақысы 3-4 есе жоғары. Мұның сыртында шөбі, жемін тегін беремін. Балаларымызды да осыған үйреттім. Есесіне, еңбек өнімділігі артады. Бұрын мал ұстап көрмеген жұмыскерлер қой, шошқа, жылқы ұстап отыр. Бұл, әрине, қарапайым еңбек адамының тұрмысы түзеле бастады деген сөз. Адамның тұрмысы түзелсе, ауыл оңалады. Ол да кәрі анаң сияқты. Қолымыздан келгенше жәрдемдесіп отыру парыз.
Ибраш ЕСТАЕВ,
"Естаев" шаруа қожалығының жетекшісі,
Қазақстанның Құрметті азаматы, кәсіпкер.