Ағаш ыдыс денсаулыққа пайдалы ма?
Қазақ қолөнерге, әсіресе, ағаштан жасалатын бұйымдарға аса мән берген. Табиғи талғаммен ойылып жасалған заттарды тұтыну адам ағзасына пайдалы екенін ертеден білген. Бұл бұйымдарды жасау бөлек әңгіме де, насихаттап, халық игілігіне ұсыну бір төбе.
Торғай топырағынан шыққан Айнұрдың осы іспен айналысқанына көп бола қойған жоқ. Сонда да түйгені мол, ортаға салары көп екенін аңғартты.
"Қазақ әр затқа атау беріп, сол арқылы оның деңгейін ою-өрнектер салып білдіріп отырған. Бүгінде ет салатын астаудың "Қошқар мүйіз" деген түрі кең қолданыста. Себебі, осы ою-өрнектері құлағымен шығыңқы біткендіктен сәнділігі мен сапасына қарай жұрт соны таңдайды. Кез келген бұйымның тарихи аңызы бар. Соны адамдарға түсіндіріп, игілігіне ұсынудан ләззат аламын. Тарихи жәдігерлердің мән-маңызын осындағы қаракөз қандастарымыз ұғынса", – дейді Айнұр Әлмағамбетова.
Жуырда Айнұрдың көптен күткен бұл ісі орындалды. Ағасы ағаш бұйымдарын бұған сыйға тартып, оның адамдарға тигізетін пайдасын қарындасына айтып береді. Сөйтіп солтүстік өңірдің халқына аталған бұйымдарды насихаттап, өткізу туралы ұсынысын білдіреді.
"Осындай ата-бабаларымыз қолданған, қазақтығымызды, мәдениетіміз бен дәстүрімізді көрсететін қазақи нақыштағы ою-өрнекпен ойылып жасалған ағаш табақтарымызды неге өзіміз пайдаланып жаңғыртпасқа, айналысып жатқан себебім де сол, дәстүрімізді, мәдениетімізді көрсету және мұндай ыдыстың адам денсаулығына пайдасы мол екенін жеткізу", – дейді кәсіпкер.
Ағаш ыдыс тамақтың құнарлылығын сақтап, түрлі бактерияларды жояды. Сапалы ыдысты таңдау үшін оның ағашына мән беру керек. Қайың, еменнен жасалған ағаш ыдыстар ыстық пен суықтың әсерінен тез сынбайды, ұзаққа шыдайды. Бұл ғылыми тұрғыда зерделеніп дәлелденген дүние. Тағамтану академиясының жетекшісі Төрегелді Шарманов осы сөздерінде: «Қазақ халқы асты, тағамды өте құрметтеген.
Дастархан жайып, дәмді тағам пісіріп, асты жақсы ағаштан, шыныдан оюлап, өрнек салынған ыдыстармен берген. Олар: ағаш астау, қымызға арналған ыдыс, шайнектің ішіндегі ыстықты сақтайтын, жүннен жасалған қаптама және т.б. Мәдениетімізде ас беру арқылы адамға құрмет көрсету қалыптасқан. Ерулік беру, тоқымқағар, сый табақ сияқты көпшілікті сыйлы қонақ ретінде шақырып, ас берген. Бұл қазақ халқының қонақжай ел екенін көрсетеді. Қазақ халқының ұлттық тағамдары адамдардың денсаулығына аса пайдалы әрі күш-қуат беретін тағамдардан жасалады», – деп тұжырым жасаған.
Айбек Ғалымұлы.