Арманшыл Айдос және Корея ғажабы

Балалық шағы Жанкелдин ауданының кезінде жерге дән сіңірген санаулы ауылдарының бірі Бидайық жерінде өтті. Сол кездің өзінде бала қиялын қырман басындағы еңбек адамдарының қызу тірлігі қызықтырған Айдостың арманы алыста еді. Елдегі жағдай өзгеріп, ауыл іші үдере көшіп жатқанда, бұлар да үлкен көшпен ілесіп кете барды.
"Ел қатарлы ер жетіп, отбасылы болғанға дейін көп нәрсенің парқын түсінбеген екенбіз. Ол кездегі қаржылық жағдайдың қиындығынан несиесіз күн көру мүмкін емес еді. Қарызданып-қауғаланып, күнделікті жұмысымызбен таңды атырып, күнді батыратынбыз. Тапқан табысымыз күн көрістен артылмайды. Қарыз үсті-үстіне үйілді. Пәтер алуға бір жағы кезегіміз келмей, үй жалдауға да қаржылық жағдайымыз кедергі тудырды, – дейді кейіпкеріміз.
Сөйтіп жүргенде бір күні көршісін жолықтырады, ертесіне Оңтүстік Кореяға жұмыс бабы бойынша аттанып бара жатыр екен, кішігірім басқосу ұйымдастырып, қимай қоштасып шығарып салады.
Ұзақ сапарға аттанғанда
"Арада көп уақыт өтпей ол жақта жұмыс бар екенін айтып, әлгі досым хабарласты. Бұған дейін Әзербайжан, Қытай елдерінде болған едім. Бұл тәжірибемнің көп ойланбауға септігі тигендей мен де Оңтүстік Корей еліне билет алып, тартып отырдым", – дейді Айдос Бимағанбетов.
Корей елі жерлесімізді жылы қабылдады. Бұл көздеген жұмыс орны Сеул қаласынан екі жүз шақырым жерде орналасқан Мугук қаласында екен. Алдын ала бағытын қарап алуға арналған мобильді картаның зор пайдасы тиді.

Адами капитал
Бір ғажабы онда сыртқы келбетке деген көзқарас маңызды емес. Тұлғаның санаты қызу еңбекте бағаланады. Азаматтығынан бұрын оның адами келбеті жоғары. Сол себепті қандай елдің азаматы болмасын, жұмыскерді жұмыс берушінің ұстанымы қанағаттандырмаса заң жүзінде жалып жасауға құқылы.
"Бір күні ұжыммен сол жақтың ұлттық мерекесіне куә болдық. Менімен бірге Малайзиядан келген екі жігіт болды. Күллі зауытта сол үшеуміз ғана мұсылманбыз. Дастарқан басына шұжығы аралас теңіз тағамдары қойылыпты. Көбісінің шаян, доңыз етінен жасалғанын біліп, шырыннан ғана алып отырғанбыз. Бас директорлары жемей отырғанымызды сезді ме екен, жанымдағылармен еппен жымдасқан болды. Малайзиялықтың бірі себебін түсіндіріп жатыр. Бізге сәл отыра тұрыңдар дегендей, өзі шығып кетті. Арада жарты сағат өткенде арнайы ыдысқа салынған ет тағамдарын әкелді. Сонда біздің салтымызды, дінімізді ескеріп, жарқын көңілде құрмет танытқанына таңғалдым", – дейді Айдос.

"Басында тіл жағынан қиындық болды. Кейін негізгі деген қажетті сөздерді үйреніп алуға тырыстым. Дегенмен, Отанның жөн бөлек. Алыста жүргенде сағынасың. "Отан оттан да ыстық" деген сөздің парқын сыртта жүргенде бір-ақ түсінгендеймін. Сол үшін елге қайта оралдым. Айтудағы мақсатым, сырт елдің жетістігіне масаттанып, ерекшеліктерін паш ету емес, қоғамымызда кісіге деген сыйластық артып, ел мүддесінің сақталуына септігін тигізсе екен", – дейді өрен жас.
Айбек Ғалымұлы.