Күрес залы ашылды
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Аманкелді ауданындағы іргелі ауылдардың бірі Үрпек ауылдық округінде еркін күрестен Торғай облысының тұңғыш КСРО спорт шебері Мұрат Тоқмырзин атындағы күрес залы ашылды.
М.Тоқмырзин — Батпаққара өлкесінде спорт саласының дамуына айрықша үлес қосқан спорт шебері. Бапкерлік жолында талай тарланбоздарды түлетіп, ел мерейін асқақтатқан. Соған орай өзі қызмет жасаған ауылда арнайы алаң ел игілігіне берілді. Алаң «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асты. Жоба құны – 18 млн теңге. Атымтай жомарт азаматтардың арқасында ер есімі жерде қалмады. Аталған алаңға жеке кәсіпкер, «Үлесім саған – Үрпегім» қорының негізін қалаушылардың бірі Дархан Рысмағанбетов, «АБС Жаркөл» ЖШС бас директоры Борис Лузин жасөспірімдерге арналған күрес залының қолданысқа берілуіне қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар жерлесіміз, жеке кәсіпкер Таңатар Ахметов демеушілік көрсету мақсатында арнайы ғимаратты тарту етті.
Ғимаратқа толығымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Арнайы жылу қазандығы жеке орнатылып, 2 спорт залы заман талабына сай жабдықталды. Игі іске аудан әкімі Талғат Карбозов және жергілікті билік өкілдері қатысты.
Бейбіт Нұрмұханов,
Суреттерді түсірген автор.
Амангелді ауданы