Облыс әкімі Аманкелді ауданында болды (РЕПОРТАЖ)
Өңірде көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі – Арқалық-Торғай тас жолы. Осыдан аттай он жыл бұрын Арқалықтан бастау алған жөндеу жұмыстары биыл 150 шақырымды артқа тастап, Аманкелді ауданына жетті. Негізгі меже – Жанкелдин ауданы.
Бұған дейін баяу жүрген құрылыс жұмыстары қайта қыза түскен. Күні бүгін жол жөндеушілер Арқалық-Торғай тас жолының 135-170 шақырым аралығына тас төсеп үлгерді. Жұмыс барысын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бақылап қайтқан болатын.
Жөндеу жұмыстары аталған жол бөлігінде 2018 жылдың мамыр айында басталған. Қазан айында толықтай аяқталады. Құны – 632 млн теңге. Бұнымен қатар жөндеу жұмыстары Жанкелдин ауданының орталығы Торғай ауылынан да басталады. Ол үшін 1 млрд 500 млн теңге қажет. Алдағы уақытта жергілікті бюджеттен 750 млн теңге, республикалық бюджеттен 750 млн теңге бөлінбек. Бұл қаржыға 48 шақырым жол жөнделеді.
-Жөндеу жұмыстарының екі жақтан қатар жүргені дұрыс. Осылайша өнімді болмақ. Тас жолдың 192 шақырымында, яғни қос ауданның шекарасында түйісуі керек. Қырық жылдай жөндеу көрмеген жол. Қажет қаржыны қарастыратын боламыз. Тұрғындарға берген уәдеміз бар, сондықтан тезірек аяқтау керек,-деді облыс басшысы.
Аманкелді ауданына арнайы ат басын бұрған Архимед Мұхамбетов биыл күрделі жөндеуден өткен Әнуар Боранбаев атындағы орта мектепке де соқты. Бұл ғимарат 2000 жылға дейін орта кәсіптік-техникалық училищесі болған, кейін актер есімі беріліп, орта мектеп болып қайта ашылды. Жөндеу жұмыстары бірінші рет жасалып отыр. Бұған дейін әбден ескіріп, тозығы жеткен білім ордасы қазір жаңа кейіпке енген. Сырты бүтін, іші жылы. Мектеп еңсе тіктеген жылы оқушы саны да күрт көбейіп отыр дейді директор. Мәселен, өткен жылы бірінші сыныпта тек алты оқушы болса, биыл 18 бала мектеп табалдырығын аттаған.
-195 млн теңгеге мектептің іші-сырты жөнделді, одан бөлек, құбыр желілері жаңартылды. Мамандардың айтуынша, құбыры жаңарған соң мектептің ғұмыры да ұзара түскен, яғни енді 20-25 жылға жарамды. Мұнда әзірге 192 бала білім алады. Мектеп жанындағы интернатта жұмыс істеп тұр. Келер жылы оны да жөндеу ой да бар,-дейді мектеп директоры Ержан Сейдахметов.
Мектеп қабырғасынан белгілі актер Әнуар Боранбаевқа арнап музей ашылған. Мұнда актердің сомдаған рөлдерінде киген киімі, тұрмыста қолданған заттары сақтаулы тұр. Сондай-ақ, жергілікті қол өнер шебері Есенжол Таңатқанов қолдан соққан Әнуар бюсті орналасқан.
-Біздің әрбір оқушымыз театр немесе кино актері болуды армандайды десем қателеспеймін. Олар Әнуар аға музейіне келіп, ерекше әсерленіп шығады. Бұл армандарын іске асыру үшін мүкіндік жетерлік, өйткені, мектептің концерт залы да заманға сай жаңарды. Жалпы, Әнуар аға мектебінің түлектері өнерге, шығармашылыққа жақын жүреді,-дейді Е.Сейдахметов.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.