Қонысбек  Бегайдаров: “Театрсыз өмірімді елестете алмаймын”

Талантты адам қайда ғұмыр кешсе де өзі еңбекқор әрі табанды болса, топ жарып, табиғи дарынын күллі елімізге дәлелдей алады. Бұл сөзімізге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті актер  Қонысбек Бірманұлы Бегайдаровтың өмірі жарқын айғақ. Ол бұл күндері Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының белді актері. Ізін басып келе жатқан жас актерлердің үлгі алар тәлімгері.  Жуырда 65 жасқа толған сахна майталманымен өнер ордасында арнайы жолығып, сырласқан едік. Ол сұқбат барысында өзінің балалық шағынан бастап, қазіргі руханият саласында көтерілген биігіне дейін әңгімеледі. Әрине, өткен кезеңде бағындырған асулары, жеткен жетістіктері кейінгілерге ғибрат боларлық. Әсіресе, өнер жолын таңдауға талпынып жүрген бозбалалар мен бойжеткендерге қай жағынан алсақ та өнеге.
"Ата-анама мәңгілік қарыздармын"
 
– Сіз қазақ өнерінде өзіңіздің орныңызды ойып алған азаматсыз. Бұл күндері сізді білмейтін әріптестеріңіз де жоқ шығар. Мұндай абырой мен бедел тынымсыз ізденіспен келгеніне дау жоқ. Әрдайым бәрі де бала кезімнен тағылымды тәрбие берген әке-шешемнің арқасы деп айтасыз. Сол жайлы сыр шертудің де орайы келген секілді.
– Оныңыз рас. Ата-ананың әр адамның өмірінде алар орны бөлек. Жасың ұлғайып, өзің сүйікті немерелеріңе ата болған кезде оны барынша сезіне түсесің. Өткен шаққа қысқаша  саяхат жасайтын болсам, осыдан 65 жыл бұрын қазіргі Ақмола облысына қарасты Қима ауылында дүние есігін аштым. Асқар таудай әкем Бірман ұлағатты ұстаз еді. Оның бүкіл ғұмыры әлгі аталған елді мекендегі бастауыш мектепте қазақтың ұл мен қыздарына білім берумен өтті ғой. Кісілік әрі адамгершілік қасиеттерінің арқасында өз ортасында аса беделді-тін. Қайсар мінезді азамат екінші дүниежүзілік соғыста оқ пен оттың бел ортасында жүріп, етікпен толарсақтан саз кешкен. Әулетіміздің тірегі, яғни әкеміз 60-қа жақындаған кезінде мәңгілік көз жұмды. Одан алғанымыз да, түйгеніміз де жетерлік. Жалпы, өнерге құштар болуымызға да тигізген ықпалы айрықша дер едім. Себебі, ол шын мәнінде өз ортасының көркі-тін. Гармонды да құйқылжыта тартып, әнді де нақышына келтіріп орындайтын. Замандастары өмірде болып жататын түрлі қуаныш пен думанды сәттерде оған қолқа салып, бойындағы өнерін көрсетпей жібермейтін. 
Сабырлы да салмақты тұлға айтулы мұғалім болумен қатар, рухани жан дүниесі өте сұлу әрі талғамы биік-ті. Сурет салғанда оған айналасындағылар ризашылығын білдіріп жататын. Қайталанбас жанның осындай қасиеттері өзінен тараған ұрпақтарына да жұқты деп ойлаймын. Ал, анамыз Сұлушаш та қазір арамызда жоқ, оның аялы алақаны мен шексіз мейірімін, бізге деген шексіз махаббатын ешқашан ұмытпай еске алып жүреміз.
 Әпкем Қарашаш, ағам Қуандық та ата-анамызға еліктеп, еңбекқор, қолынан келсе, айналасындағыларға қол ұшын беріп, адамгершілікті жоғары қоятын мамандар болып қалыптасты. Олар да ән-күй мен зергерлік өнерге құштар болды. Қуандық ағам ағаштан жиһаз жасайтын, темірден түйін түйіп, оны қамырша илейтін. Қысқасы, қолынан келмейтіні жоқ-ты. Сондықтан шама-шарқым келгенше осы бауырыма ұқсауға тырыстым.
 
Өнердің шексіз құдіреті
 
– Актерлік өнерге қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
– Несін жасырамын, менің үй-ішім мен туған-туысқандарым адам жанының арашашысы, яғни медицина саласын таңдағанымды қалаған секілді. Өйткені, өзімнің алдымдағы әпкем әрі жанашырым Қарашаш пен жездем Дулаттың мамандығы дәрігер. Осы ізгі ниетті жандар осы кәсіпті меңгергенімді дұрыс көріп, ақыл-кеңестерін берді. Бұрынғы астанамыз Алматыға ат басын тіредім. Алайда осындағы мемлекеттік медицина институтына құжатымды тапсырғанмен, ол көңілімнен шықпады. Бұл ойымды ағам Қуандық білген соң, Семейдегі мал дәрігерлік институтында оқуымды жөн көрді. Ол уақытта оның халық алдындағы беделі жоғары-тын. Бірақ, бұл оқу орны да менің қолым еместігін түсіндім. Содан көп өтпей туған жеріме біржола оралдым. Ауылда қалай бос жүресің? Сондықтан "Кеңарал" кеңшарындағы орта мектепке қатардағы мұғалім болып жұмысқа қабылдандым. Әкемнен дарыған сурет пәнінен шәкірттеріме дәріс бердім. Орыс сыныптарындағы балаларға қазақ тілі пәнін де оқыттым. Бұл қызмет менің өмірді тануыма кең жол ашты. Ең бастысы, ұжымда жұмыс істеуді үйрендім.
Әскер қатарындағы азаматтық борышымды өтеп келген соң, Арқалық шаһарындағы театр-ға жарық беруші болып қызметке орналастым. Өйткені, қазақтың сахна өнері мені өзіне тартты да тұрды. Бұл 1978 жыл болатын. Киелі шаңырақтың ішінде сахна шеберлерімен бір мақсатта қызмет атқарғандықтан, негізгі міндетімнен бос кездері басты арманым актерлік мамандықтың қыр-сырына ден қойдым. Оның қаншалықты жұртшылыққа қуаныш сыйлап, жан дүниесін ізгілікке баулитынын терең түсіндім. Актерлік мамандықтың жауапкершілігі мен ерекшелігін сезіндім. Әрбір қойылымнан  кейін  бұрын-соң-ды болмаған күйді бастан кешетінмін.
Қайда да жақсы адамдар кездеседі ғой. Әлгі аталған театрдың режиссері Ерсайын Тәпенов менің бойымдағы өнерге деген талпынысты байқап, осы кәсіптің биік шыңына көтерілу үшін Алматыдағы актерлер дайындайтын жоғары оқу орнында білім алу қажеттігін айтты. Өзінің қамқорлығын аямады. Сол кісінің ақыл-кеңесімен теңдесі жоқ көркем қалаға келдім.   Содан бұл шаһардағы мемлекеттік театр және көркемсурет институтына құжатымды тапсырып, бағымды сынап көруге бел будым. Жолым болды. Аңсаған арманыма қол жеткіздім.
 
"Курстастарымды мақтан тұтамын"
 
– Әңгіменің орайы келгенде институттағы тәлімгеріңіз және студенттік жылдардан осы күнге дейін сыйласатын курстас достарыңыз жайында қысқаша айта кетсеңіз…
– "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы" деген сөзде үлкен мән жатыр. Жоғары оқу орнында маған әрдайым нұрлы жүзінен жылы шуақ төгіліп тұратын ардақты да аяулы жан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, көрнекті профессор Рахилям Машурова дәріс берді. Оның класынан талай талантын ел мойындаған айтулы майталмандар түлеп шықты. Ал бірге оқып, үлкен өмірге жолдама алған курс-тастарымның көпшілігі есімдерін ел таныған тұлғалар. Бұл күндері халық әртісі  Роза Рымбаева, еліміздің жезтаңдай әншісі Майра Ілиясова, жарқын дарын иесі  Құдайберген Бекішев және басқаларды жұртшылық ерекше құрмет тұтады.
Диплом алған соң жастар жан-жаққа кетті. Өзім Арқалық шаһарына аттандым. Өйткені, онда режиссер болып  Жанат Хаджиев жұмыс істейтін. Өнер ордасында Мәскеудегі сахна тарландарынан дәріс алған, яғни Щепкин атындағы училищені тәмамдаған мықты әріптестеріміз қызмет атқаратын. Сонымен мен жоғарыда атап өткен қаладағы Серәлі Қожамқұлов атындағы облыстық қазақ драма театрында актерлік еңбек жолымды бастау бақытына ие болдым. Уақыт өте бұл өнер ұжымы Жезқазған қаласына қоныс аударды. Әріптестеріммен бірге жаңа ортаға да тез бейімделіп, жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөлендік.
– Өзіңіз өткен жылдарда қаншама жауап-ты да күрделі рөлдерді сомдадыңыз. Өңіріміздегі беткеұстар актерсіз. Сонымен қатар, ізіңізді басып келе жатқан дарынды жастар сізді ұстаз ретінде жоғары бағалайды. Есіңізде қалған образдарға тоқталып өтсеңіз?
– Кеше жас актер болсам, қазір еңбек жолын жаңадан бастаған бозбалалар мен бойжеткендерге тәлім көрсетер, ағалық ақыл-кеңес берер жасқа жеттік. Осы кезге дейін театр сахналарында алпыстан астам рөл ойнап, бірнеше рет республикалық театр фестивальдерінде лауреат атандым. Халықтың ыстық ықыласына бөлендім.  Әрине, бір сұқбатта артта қалған жылдардағы шығармашылық ізденістер мен шыққан биіктерді толық қамту мүмкін емес. Өткен кезең ішінде "Абылай ханда" Қалдан-Серен, "Хан Кенеде" Кенесары хан, "Қозы-Көрпеште" Қарабай, "Чарлидің әпкесінде" Спетлайе, "Міржақыпта" Міржақып, "Абайда" Оразбай, "Цилиндрде" Аттилио Самуэли және басқа да драмаларда көптеген бейнелерді тиісті деңгейде шығаруға тырыстым. Оған бағаны қашан да беретін көрермендер емес пе. 
Жалпы, театр өнеріндегі актерлік қызметім мен тың ізденістерім, мемлекет тарапынан аталып өтілді. Президентіміздің Жарлығымен "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағына ие болдым. 1992 жылы Алматыда Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" спектакліндегі Қодар бейнесі үшін Қазақстан Жазушылар Одағының жүлдесін алдым. Египет, Сауд Арабияда өткен театрлардың халықаралық тәжірибелік фестиваліне қатысқаным да өмірімде ерекше орын алады. 1999 жылы Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында халықаралық "Айтматов және театр" фестивалінде заңғар жазушы   Шыңғыс Айтматовтың "Арманым – Әселім" деп аталатын спектаклінде Ілияс бейнесін сомдадым. Маған "Ең үздік ер адам рөлі үшін" сыйлығы берілді. Содан кейін Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев пен талантты жазушы Сәкен Жүнісовтың "Абылай хан" қойылымындағы Қалдан-Серен образы да өте сәтті болды деп айта аламын. Өйткені, Петропавл қаласында ұйымдастырылған Қазақстан  театрларының ІХ фестивалінде бірінші лауреат атанып, тағы да "Ең үздік ер адамның образы үшін" жүлдесін жеңіп алдым.
Осыдан үш жыл бұрын Қостанайда өткен Қазақстан ұлттық (этникалық) театрларының V республикалық фестивалінде Н.Гогольдің "Үйлену" спектакліндегі Кочкарев рөлін сомдағаным үшін "Ең үздік ер адам" рөлі үшін номинациясында көзге түстім.
Жоғарыда аталғандармен қатар, Қазақстан Республикасы театр одағының "Еңлікгүл", Қостанай меценаттар клубының "Қазына" деп аталатын сыйлықтары көпшілік алдында тапсырылды.
                                                       
Кинода шеберлігін шыңдады
 
– Қонысбек Бірманұлы, сіз театр ғана емес, кино саласында да еліміздің халқына танымал болып қалдыңыз. Сол жайлы да тілге тиек етсеңіз?
– Өз басым, өнер адамы жан-жақты болғаны жөн деп есептеймін. Ұзақ жылғы тәжірибемді ескерген болуы керек. Бірқатар фильмдерге түсіп, қарым-қабілетімді байқап көрдім. Мәселен, 2004 жылы Қазақстанның халық әртісі, көрнекті режиссер әрі жазушы Талғат Теменовтің арнайы шақыруы бойынша "Көшпенділер" деп аталатын тарихи кинофильмінде Жәпектің рөлін сомдадым. Бұл фильмге қатысуым маған үлкен қанат бітіргендей болды. Қалың жұртшылыққа танытты. Содан кейін есімі баршаға мәлім, ұлтымыздың дарынды перзенті Ақан Сатаевтың "Жау жүрек мың бала" фильміне де түсу бақытына ие болдым. Әрине, оған түспес бұрын республикамыздың қалаларында фотокастинг өткізіліп қабылданғандағы қуанышымды айтып жеткізе алмаспын. Өйткені, бұл фильм барша бауырларымыздың көңілінен шықты. Жастарды отаншылдыққа, патрио-           тизмге, ұлтын сүюге тәрбиелеуде маңызы өте зор деп есептеймін. Оны қанша көрсеңізде жалықпайсыз. Ондағы басты рөлдерде ойнаған жігіттер қазір халқымызға танымал талантты актерлер қатарында мақтанышпен аталады. Сондай-ақ, көрнекті актер әрі режиссер Досхан Жолжақсыновтың жұртшылықтан жоғары бағасын алған "Құнанбай" фильміне түстім. "Күй ғұмыры" телехикаясында басты рөл ақсақалдың образын сомдадым. 
                                      
"Бір әулетте үш актерміз"
 
– Халық Бегайдаровтар әулетін өнерді пір тұтатын шаңырақ деседі. Өйткені, ғұмырлық серігіңіз сүйікті Зәмзәгүл мен  ұлыңыз Олжас та облыстық қазақ театрында қызмет атқарады. Өзіңіз бұл күндері ас-қар таудай әке, ардақты жар, сыйлы ата болып отырсыз. Сол жөнінде бірер сөз?
– Мен және өмірлік серігім Зәмзәгүл де өнерді биік қоямыз. Өзім де, келіншегім де ән мен күйге құштармыз. Ұлымыз Олжас та кәсіби актер. Ол да кейінгі жастарға үлгі көрсетер деңгейге жетті. Театр фестивальдерінде   лауреат атанды. Атамыз қазақ баланы байлыққа балаған, үш ұл мен екі қызымызға лайықты тәрбие бердік. Олжастан басқа перзенттеріміз Жамбыл, Серік, Шынар, Аяжандар өмірден өз орындарын тапты. Осылардан тараған немерелеріміз тіршілігіміздің мәні әрі сәні. 
– Сіз секілді әрбір шығармашылық адамының бос уақытында айналысатын әрі қызығатын жеке әуесқойлық қабілеттері де болады емес пе, солар хақында не айтар едіңіз?
– Мен уақыттың бағасын білетін адаммын. Сол себептен театрдан тыс кездерімді барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Табиғаттың көркемдігі мен сұлулығына таң қалмайтын кісі жоқ шығар. Таза ауада көп серуендегенді жаным қалайды. Ата-бабамыздан мирас болып қалған қасиетті өнерлер аз емес. Қазір елімізде соларды жаңғырту жүріп жатыр. Мәселен, мен зергерлікпен шұғылданғаннан ерекше ләззат аламын. Ұлтымыздың шашбауларын, алқаларын жасап, бәріміз ерекше қастерлейтін қамшыны да өргенді ұнатамын. Сайып келгенде, бұлар танымымды кеңейтіп, қиялымды шарықтатады. Ерекше демалып қаламын. Бұл қасиеттер өзім секілді руханият саласындағы  адам-дарға аса қажет деп ойлаймын.
 
Әңгімелескен Оразалы Жақсанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓