Туған жерге тағзым
Жанкелдин ауданы Қызбел ауылының 1976 жылы туған азаматтары өздері туып-өскен елді мекенге үлгі боларлық игі істер жасауын жалғастырып келеді. Елді көркейтуді алғаш бастама етіп көтерген олар алдымен ауылға кіреберісті жаңалауға кіріскен болатын. Осыдан екі жыл бұрын қызбелдік азаматтар қалталарынан 1 миллион 250 мың теңге шығарып, «Қош келдіңіздер! Қызбел» жазуын тасбелгіге жазып орнатқан еді. Жігіттер небары үш-төрт күнде ою-өрнегі келіскен, қызылды-жасылды жазуы бар кіреберіс белгіні өз күштерімен көтеріп тастады.
Енді міне, араға екі жыл салып аталған азаматтар осы белгінің басына сайын даламыздың символы – бүркіттің мүсінін орнатып отыр. Осы істе де ешкімге қол жаймай, өз қалталарынан 355 мың теңге шығарыпты.
Салтанатты шараға елдің ақсақалдары, ауыл әкімі Айдаралы Талпақов қатысып, қуаныштарын жасырмады.
– Туған жерді түлетуге бар ынтасымен жұмылған 1976 жылғы туған азаматтарға айтар алғысымыз шексіз! Ал мына алыстан менмұндалап тұрған белгі де, оның үстіне орнатылған қыран құстың мүсіні де Қызбел адамдары үшін патриоттық сезімін оятатын көрініс әрі келетін қонақтарды көркімен тамсандырып тұратын орын болмақ, – деді ауыл әкімі.
Гүлсана Аманжолова.
Жанкелдин ауданы.