Жыр жампозы жетпістің жотасында

Бүгін Қостанай қаласындағы "Жастар сарайы" ғимаратында ақын, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек Шаяхметтің 70 жасқа толуына арналған шығармашылық кеш өтті. Қаламгерді елдің әр өңірінен белгілі қоғам қайраткерлері құттықтай келді. Әдебиет пен мәдениет кеші өлең-жырмен өрнектеліп, әуен-сазбен әсемделді.Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, республиканың мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың, "Алаш" халықаралық әдеби сыйлығының, Мқхаммед Хайдар Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың және "Алтын қалам" сыйлығының лауреаты… Тізе берсеңіз, Ақылбек Қожаұлының қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін иеленген атақ-марапаты жетіп-артылады. Дарынымен дүйім елді баураған, жалынды жырымен жүректерді жаулаған ақынға бүгін лайықты құрмет көрсетілді.Кеш басталмас бұрын көпшілікке арналып ғимарат кіреберісіне ақын шығармашылығынан сыр шертетін көрме жайылды. Қонақтар шайырдың шығармашылық әлемімен танысып, естелік суреттерге түсіп жатты. Сахнаның өзі де іс-шараға сай әсем безендірілген. Шымылдық көркем күймен айқара ашылған соң мерейтой иесі сахна төріне шақырылды. Бұдан соң алғашқы құттықтау сөз Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбеновке берілді. Ол Ақылбек Шаяхметке ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.  "Құрметті Ақылбек Қожаұлы, сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын! Әріптестеріңіз өзіңізді бүгінгі заманымыздың көкейкесті мәселелерін көтеріп, қоғам дамуына үн қосып жүрген қарымды қаламгер ретінде жақсы біледі. Туып өскен өңіріңізде өнер мен мәдениеттің кең қанат жаюына, ана тіліміздің мәртебесінің биіктеуіне жан-жақты атсалысып жүрсіз. Қостанай мемлекеттік университетінде қызмет жасап, журналист болуға талпынған жастардың білікті мамандық иесі атануына үлес қостыңыз. Елдің бірлігін, Тәуелсіздіктің тарихи маңызын, халықтар достығын, адамзат құндылығын арқау еткен өлеңдеріңіз жырсүйер қауымның оң бағасын алып отыр. Алдағы уақытта да тартымды туындыларыңызды ұсынып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіңізге тілектеспін! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға береке тілеймін!" – делінген мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ, Арман Тарғынұлы аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің Алғыс хатын, ықылас гүлін табыстап, иығына шапан жапты. Мерейтой иесіне Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың лебіз хаты да тапсырылды.
Мұның сыртында, кешке арнайы келген ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, халықаралық "Алаш" сыйлыңының лауреаты, ақын Қасымхан Бегманов, белгілі ақын, аудармашы, мерей иесінің досы Әбжан Әбілтай, Жоғарғы кеңестің экс-депутаты, Қостанай облысының құрметті азаматы Серікбай Бисетаев және басқалар сахна төріне көтеріліп, лебіздер легін жалғастырды. Ақынның шығармашылығы, тұлғалық келбеті туралы толғанып, қазіргі уақытта күллі республикалық басылымдарда қаламгер шығармашылығына орын беріліп, аты ардақталып жатқанын сөз етті. Ұ.Есдәулет Ақылбек Қожаұлының шығармашылық кешін республикалық деңгейде өткізуге әркез атсалысуға дайын екенін жеткізді. Алматы облысының әкімі, Тобыл-Торғай өңірінің тумасы Амандық Баталовтың құттықтауы мен сый-сияпатын ала келген оңтүстік астана меймандары да ағынан жарыла тілек айтты. Сонымен қатар, кеш жүргізушілері Украинадағы Қазақ диаспорасы атынан Алтынбек Мұстапаевтың, Омбы қаласының «Мөлдір» қазақ ұлттық орталығының төрайымы Алтынай Жүнісованың тілек жолдағанын жариялай өтті. Кеш иесі де толассыз тілек-лебіздер үшін алғыс білдіріп, көрермендерге дүркін-дүркін өлеңдерін оқып беріп отырды, бірде тұңғиық, бірде тым биік сезімге құлшындыратын ой-толғамдарымен де көпшілікті ұйытты. Өңірге белгілі өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған көпшілікке танымал "Қостанай", "Аға туралы ән", "Ақжолтай", "Көктемгі қар" секілді көптеген әндер мен термелерді орындады.
 
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓