Жібек жеткен жетістік
«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл қазақ әйелдеріне арналғандай. Оған ешкімнің де таласы жоқ шығар, сірә. Үйдің отбасы, ошақ қасы тірлігінен бөлек, қосымша кәсіппен айналысып жүрген жандардың бірі – науырзымдық Жібек Нұрсейітова. Ол кітапханашы, әрі аудандық газеттің редакторы, «Жан жылуы» жастар қоғамдық ұйымының төрайымы. Отбасында бес бала тәрбиелеп отыр.
«Ауылға қажетті бір кәсіппен айналысам деген ой көптен мазалап жүр еді. Бір күні көршімнің көлігін сұрап алып, үйлену тойына сай сәндеп, безендірдім. Сөйтіп, ұялы телефоныма түсіріп, таныстарыма тараттым. Бір жарым жылдай ешқандай сұраныс болған жоқ. Кейін мектепке жұмысқа тұрдым. Сөйтіп араласатын ортам көбейді. Бірде әріптесім үйленетін болды. Содан мен интернеттен қарап жүріп, жастар отыратын орынды безендіру ойыма сап етіп, қолымнан келеді деп айтып қалдым. Солай алғашқы тапсырыс түсті. Материал, қажетті заттарды Қостанайдан сатып алдым. Бірте-бірте сұраныс артып, тапсырыстар түсе бастады. Фотозона, баннер жасап үйрендім. Алғашқы бастамама отбасым көмектесіп, маған қолдау білдірді», – дейді Жібек.
Он саусағынан өнер тамған ол, ұлттық нақыштағы бұйым жасаумен де айналысады. Дорба-қоржын тігу – кейіпкеріміздің сүйікті ісі әрі күнкөріс қамы. Жасаған дүниелері дүйім жұрттың көңілінен шығуда. Сұраныс молайып, сатып алатындар санының да артқанын айтады.
«2020 жылы төртінші баламыз дүниеге келді. Декреттік демалыста үйдемін. Бірде әлемжеліден тойбастар жасаудың жарнамасын көріп, соған тіркелдім. Қоржындар, бонбоньеркалар жасауды үйрендім. Тапсырыстар көптеп түсе бастады. Өзім шығармашыл адаммын. Үнемі дамып отырғанды жаным сүйеді. Өзімнің «Бозбала мен бойжеткен» деген жеке жобам үш жыл қатарынан өтті. Қазір белгілі бір себептермен үзіліп қалды, алдағы уақытта қолға аламын деп ойлаймын. Бірдеңе ойлап таппасам, көңіл-күйім болмайды. Кәдімгідей ауырамын. Оны жолдасым да жақсы біледі. Өткен жылдың аяғында жасап жүрген жұмыстарымды заңдастырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. «Болашақ» деп атадық. Көлік безендіру, той-томалақтарға қажетті қазіргі заманғы жиынтықтарды жасаймын. Екі жыл болды. Дайын күрішке сатып аламын. Соған талғамға сай жазулар, суреттер басамын. Қытайдан сабынды роза гүлдерді алдыртып, оларды түрлі коробкаға салып, көздің жауын алатындай қылып, сәндеп сатамын. Иісі көпке дейін сақталып тұрады. Сабынды гүлдерге түрлі мерекелер қарсаңында тапсырыс көп түседі. Басқа аудан, қалалардан тұрақты тапсырыс берушілер бар. Болашақта кәсібімді кеңейткім келеді. Бизнес жобам дайын. Келер жылы мемлекеттің қайтарымсыз грантына қатысу ойымда бар. Жақында «Бизнес инкубатор» деген жобаға өз жобамды ұсындым. Әзірге, жауап жоқ. Жейде, бас киімдерге суреттер жапсыруға арналған аппарат алғым келеді. Біздің аудан жыл сайын спартакиадаға қатысады. Соған ауылдық округтар мемлекеттік тапсырыс арқылы басқа өңірлерге шығып жатады. Одан да қаражат өзімізде қалса деген ойым ғой. Сонымен қатар, А3 форматта принтер алып, ауылдан отырып, күнтізбелер, өзге де қажетті дүниелерді істеткім келеді», – дейді көп балалы ана.
Ауылда тұратын ана алдағы уақытта түрлі аппараттар алып, кәсібін дамытқысы келеді. Ауылда баспахана ашпақ. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ынталы.
«Жақында ауыл әйелдерінің форумына қатысып келдім. Сонда басқа өңірлерден келген әріптестерімнің ауқымды жобалары болды. Көп ой түйдім. Қазіргі таңда ойымдағыны іске асыру үшін қомақты қаражат жоқ, сондықтан мемлекеттік гранттарға талаптанып көрмекпін. Мұның бәрі уақыттың еншісінде», – дейді кейіпкеріміз.
Жібек осыдан он үш жыл бұрын Науырзым еліне келін болып түскен. Жан-жақты кәсіпкер түрлі шаралардан да қалыс қалған емес.
«Аллаға шүкір, әрқашан қолдап жүретін жолдасым бар. Адам баласы бір жетістікке жету үшін өз-өзін жігерлендіруі керек. Кедергілерден қорықпай, жеңе білу керек. Бір қадам алға бассаң, сонда ғана белгілі бір нәтижеге жетесің. Бар қиындыққа төзе біл де, жеңе біл деп қамшылап жүремін үнемі. Өмір болған соң қиындықсыз болмайды. Балаларым бізге көмекші, кенжеміз дүниеге келгенде төрт айлығында жұмысқа шықтым. Балалар бірін-бірі қарады, жолдасым, енем қолдады», – дейді ол.
Тағы бір айта кетерлігі, осы әулеттің кішкентай ханшайымы ауданда өткен сайыста Түймеқыз атанды. Қатысушылар арасында ең кішкентай болса да, сыннан сүрінбей өтіп, талантымен көпшілікті таң қалдырыпты.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА,
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Науырзым ауданы