2023: мерейтойға толы жыл
Алдағы жыл айтулы күндерге, атаулы мерекелерге толы. Елдігіміздің тұтастығына кепіл – Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасы туралы заңының қабылданғанына және ұлттық валютаның айналымға енгізілгеніне отыз жыл. Қостанай елді мекеніне осыдан 130 жыл бұрын Николаев атауымен қала мәртебесі берілді. Дәл сол жылы «Ақмешіт» болып салынған, бертінде Марал ишан есімін иеленген өңіріміздегі дініміздің қарашаңырағы бой көтерді. Сүйінші хабар! Дәл бүгін, отызыншы желтоқсанда Марал ишан рухани ордасы күрделі жөндеуден кейін халық игілігіне қайта берілгелі отыр.
Денсаулық сақтау орны – Қостанай облыстық ауруханасы іргетасының қаланғанына 110 жыл болады. Қостанай губерниялық мұрағат бюросы, қазіргі облыстық мемлекеттік мұрағаттың ғасырлық тойы. Ал өңіріміздің өнер-мәдениетіне тың серпін әкелген Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының «Ақжелең» фольклорлық ансамблі құрылғанының үшінші онжылдығы.
Тарихи тұлғаларымыздың да мерейтойлары атаусыз қалмайды. Әріден айтсақ, көрнекті қолбасшы, әулие, Тархан Шақшақ Жәнібектің сенімді серігі, Түркістандағы Яссауи кесенесі аймағында жерленген Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлының 335 жылдығы. Ал батыр, би, мемлекет қайраткері, Әзірет Сұлтан кесенесінде мәңгіге тыныстаған Тархан Жәнібектің 330 жылдық мерейтойы. Ел арасында «Данышпан бабалар» атты толғауымен кеңінен белгілі Жанақ ақын Төлекұлының дүниеге келгеніне 280, суырып салма Өске (Ысмайыл) жырау Торқаұлы 235 жылдық мерейтойы. «Менің атым – Асаубай, жақсы-жақсы сөзім бар, жиып қойған жасаудай, өткір-өткір сөзім бар, тасқа салған қашаудай» деп жырлаған орақ тілді, от ауызды шешен, қолбасшы Асаубай Жәдігерұлының туғанына 210 жыл. Полковник, Торғай өлкесі қазақтарынан шыққан бірінші шенеунік Беркімбайұлы Дербісәлі бабаның 185 жылдығы. Ал, суырып салма ақын, шешен, жыршы Мәтібай ақын Сарбайұлының туғанына 180 жыл.
«Қазіргі қазақ медицинасының атасы» атанған тұңғыш кәсіби дәрігер – Мұхамеджан Қарабаев. Қазан университетінің медицина факультетін бітірген даңқты тұлға Қостанай, Ырғыз жерлерінде, Якут өлкесінде ел арасында көп тараған алапес, басқа да ауруларды емдеген. Өзінің қырық жылдық дәрігерлік еңбегімен республикамыздың денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру, дамытуға елеулі еңбек сіңірді. Бұған дейінгі ел ағаларының сұрауымен М.Қарабаевқа облыс орталығынан көше беру өтініші аяқсыз қалып келді. Бәлкім алдағы 165 жылдығы қарсаңында бұл ұсыныс жергілікті билік тарапынан қолдау табар деген үміттеміз.
Өңірімізден шыққан қос алып бір жарым ғасырлық мерейтойларын атап өтпекші. Бұл тізімде халық батыры, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы Амангелді Иманов пен суырып салма ақын Ақсұлу Орысбайқызы бар. Ал жазушы, педагог, қоғам қайраткері Спандияр Көбеевтің туғанына 145, ағартушы ұстаз, ақын, аудармашы Бекет Өтетілеуов пен ақын, діни қайраткер Файзолла ишан Сатыбалдыұлының 140 жылдық мерейтойлары. Амангелді жетекшілік жасаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысушы Сәт ақын Есенбайұлының 130, халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің 120,ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері Әмір Қанапиннің 110 жылдығы да келер жылы аталып өтпек.
Еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқандар – ұжымдық шаруашылықты ұйымдастырушылардың бірі, соғыс жылдары жеке қаражатына ұшақтар сатып алып, майданға жөнелт-
кен қайраткер Қабаш Қозыбаевтың туғанына 125, Социалистік Еңбек Ері Қамысты ауданы «Бестау» кеңшарының негізін қалаушы әрі алғашқы директоры Сейіт Кәрбеновтің 120, соғыс ардагері, құрметті теміржолшы, Қазақстанның еңбек сіңірген көлік қызметкері Бертран Рубинштейннің жүз жылдығы. Арамызда тірі болса, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әділет министрі, генерал-майор, КСРО прокуратурасы органдарының құрметті қызметкері, КСРО еңбек сіңірген заңгері Ғалихан Ержанов, көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі Кенжеғали Сағадиев, ауыл шаруашылық саласының үздігі, «Қарабатыр Агрофирмасы» ЖШС негізін қалаушы Жәзит Құдайқұлов 85, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева 80, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Орал Мұхамеджанов 75 жасқа толар еді.
кен қайраткер Қабаш Қозыбаевтың туғанына 125, Социалистік Еңбек Ері Қамысты ауданы «Бестау» кеңшарының негізін қалаушы әрі алғашқы директоры Сейіт Кәрбеновтің 120, соғыс ардагері, құрметті теміржолшы, Қазақстанның еңбек сіңірген көлік қызметкері Бертран Рубинштейннің жүз жылдығы. Арамызда тірі болса, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әділет министрі, генерал-майор, КСРО прокуратурасы органдарының құрметті қызметкері, КСРО еңбек сіңірген заңгері Ғалихан Ержанов, көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі Кенжеғали Сағадиев, ауыл шаруашылық саласының үздігі, «Қарабатыр Агрофирмасы» ЖШС негізін қалаушы Жәзит Құдайқұлов 85, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева 80, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Орал Мұхамеджанов 75 жасқа толар еді.
Өнер-мәдениет, руханият саласы да атаулы күндерге кенде емес. Бұл тізімде журналист, жазушы, соғыс ардагері Сырлыбай Бүркітбаев, журналист, жазушы Ақан Нұрманов, композитор, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Болат Хамзин, актер, Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Хамитбек Мұсабаев бар.
Ал ортамызда жүрген белгілі ұстаз, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Беген Көпеш, журналист, жазушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Жақсылық Жүнісұлы, экономист, ауыл шаруашылығы саласының үздігі, «Шолақсай» ЖШС құрылтайшысы, Қостанай облысының құрметті азаматы Өмірзақ Ихтиляпов, академик, физика-математика ғылымының докторы Жангелді Отарбаев, ғалым, «Диевская» Агрофирмасы» ЖШС бас директоры Олег Даниленко, әнші, композитор, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдин бастаған мерейтой иелеріне ұзақ ғұмыр тілейміз!
Айрықша мерекелер мен мерейжас иелері жайында білгіңіз келсе, Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана әзірлеген «2023 жылға берілген Қостанай облысының атаулы күндері және оқиғалар күнтізбегсі» басылымын www.kstounb.kz сайтынан таба аласыз.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ