Берекелі ауыл – Алтынсары
Таң енді ғана құланиектене бастағанда жолға шықтық. Беталысымыз – облыс орталығынан шалғайда орналасқан Қамысты ауданының Алтынсарин ауылы. Жол қуалап келе жатқан біздің ойымыз – ауылға қалай да тез жетудің амалы ғой. Сөйтіп кейбір елді мекендерді қиялап төтесінен жүруге тура келді. Ет пісірім уақытта Арқа станциясына тоқтап, бұрынғы Красный октябрь ауылына кідірдік. Мұнда аялдағанымыздың себебі – бұл ауылды «Алтынсарин» ЖШС-нің басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев әбден талан-таражға түскеннен соң халықтың тағдырын ойлап, өз шаруашылығының бір бөлшегі ретінде сатып алған-ды. Қазір ауылдың тұрмысы бұрынғыға қарағанда көш ілгері. Үлкен мал шаруашылығы кешені дамып отыр. Халық та жұмыспен қамтылып, күнделікті нәпақасын табуда. Алтынсарыға қарайтын №2 бөлімше аталатын мал шаруашылығы кешені қыстың қамын жаз ойлап, жем-шөбін уақытынан бұрын жинап алыпты. Кейбір малшылармен аз-кем тілдескенімізде олардың жағдайының жақсы екендігіне, еңбекақысы уақытылы төленетіндігіне қанықтық. Бөлімше бригадирі жап-жас маман Иван есімді жігіт шаруашылық басшысы Борис Павловичтің қарамағындағы жұмысшылардың тұрмыс-тіршілігін үнемі жіті бақылауында ұстайтындығын әңгімеледі. Сөйтіп бригадирмен аз-кем сөйлесіп болғаннан кейін Алтынсарыны бетке алдық. Кіреберістен-ақ ауыл көркі көз тарта бастады. Орталық көшеде халық сенбілікке шығып, маңайды тазартып жүр. Балабақша, мұражай, мектеп, дәрігерлік амбулатория, қонақ үй, асхана… барлығы да қазіргі заманғы сәулет құрылысымен жаңартылған. Орталықтағы үлкен бассейн, субұрқақ та ауылдың ажарын одан сайын аша түскен.
Екі күндік сапармен Ақтөбе облысынан оралған Борис Павлович қызметкерлерімен жылдам лездеме жүргізіп, ізінше бізді қабылдады.
– Көп күттіріп қойсам, айып етпеңіздер,– деді мәдениеттілік сақтап, ыңғайсызданған кейіппен.
– Оқасы жоқ. Ең бастысы – уақыт тапқаныңыз,– дедім, жайғасыңыз дегендей ол ұсынған орындыққа отыра беріп.
– Екі күнге кете қойып едім, ауылда біраз жұмыс күтіп қалыпты. Өздеріңіз көріп-біліп отырғандай, қазір егін орағы науқаны ғой. Бұл шақта бізге уақыт тапшы. Таң атып, күн батқанша егінжаймен екі ортада жүресің. Сол шаруаларды тезірек жайғастырып, сіздермен емен-жарқын әңгімелесейік дедім,– деп әлі де бізден қысылып отырғанын байқатты.
Елімізге танымал Еңбек Ерінің осы бір аралықтағы әңгіме ауанынан оның қарапайымдылығы, еңбекқорлығы, мәдениеттілігі аңғарыла бастады. Тіпті, адам жанына терең үңілетін тұсы да байқала түсті. Әзірлеп апарған сұрақтарымды шетінен қоя бергенімде жүзінен "сірә, осы сұрақтарың бекер-ау, жаттанды ғой" дегендей бір түрлі тыжырануды кілт сезіп қалдым. Ғұмырының жарты ғасырын өзі сүйген мамандыққа арнап, қырық жылға жуық совхоз директоры болып келе жатқан адамның әрине, кісі жанын түсінері, сезері анық.
– Борис Павлович, қойған сауалдарымның сізге ұнамай отырғанын түсіндім,– дедім бұл жолы өзім ыңғайсызданып.
Сәл мойнын терезе жаққа бұрып, иегін оң қолымен таянып, жымиды да:
– Аңғарымпаз екенсің. Бұл – журналистке керек қасиет. Рас, өзіңнен басқа да журналистер келіп, «шаруашылықта қанша техника бар? Қанша гектарға бидай септіңіз? Шабындық жеріңіз қанша? Мал саны қандай? Автопаркыңыз жаңарды ма?» деген сияқты үйреншікті сауалдармен төпелей бастайды. Кейде мұндайға жауап беруден де жалығасың. Маған өткен-кеткеннен сыр шертіп, болашаққа бағдар жасап, арқа-жарқа әңгіме айтқан ұнайды,– деді.
Түсіндім дегендей басымды изедім де:
– Жөн екен, Борис Павлович. Орынды. Жетпіс жыл ғұмырыңызда көп нәрсені көрдіңіз. Сіздер – Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдың ұрпақтарысыздар. Бірнеше дәуірді бастан кештіңіз. Тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері атағын алдыңыз. Осындай дәрежеге тәлімгерсіз жету мүмкін емес. Естуімше, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері атанған Терентий Семенович Мальцевтің шәкіртісіз.
– Міне, өзім де ойлап едім осы сұрақтан бастайтыныңды. Иә, адам баласы үшін қандай да бір биік нәтижеге, абыройға, беделге ұстазсыз, тәлімгерсіз жету қиын. Менің бұл жағынан жолым болды,– деп Еңбек Ері осы жерде өз әуенімен кете берді.
– Жоғары оқу орнын Ресейдің Қорған облысындағы ауыл шаруашылығы институты аграрлы факультетін тәмамдадым. Бұл оқу орны ҰОС басталғанда Украинаның Полтава ауылшаруашылық институтын эвакуациялағанда құрылған. Содан соғыс біткен соң Полтавада оқу қайта ашылып, бірақ Қорғанда құрылымы сақталып қалды. Келер жылы оқыған факультетім 75 жылдығын атап өтпекші. Күллі одаққа институттың сол кезде аты мәшһүр болды. Ауыл шаруашылығының білгір мамандары шәкірттеріне білім мен тәрбие беруде аянбай тер төкті. Соның бірі әрі бірегейі Терентий Семенович еді. Ол кісі өзі Бірінші Дүниежүзілік соғыста немістерге тұтқынға түсіп, бір шаруа немістің қарамағында жұмысшысы болады. Сол неміс шаруадан көп нәрсе үйренеді. Егін егу мен жер баптаудың қыр-сырына қанығады. Терентий Семеновичтің барлық жиған ілім-білімі өз бетімен ізденуден тұрады. Ол кісі осы агрономия саласында Кеңес Одағы тұсында, тіпті, әлемде теңдесі жоқ диқаншы деп айтар едім. Әлі есімде, үшінші курста оқып жүргенімізде 5 студентті ГАЗ-69 маркалы машинесімен егіс алқабына апарды. Жол бойы әр қайсымызға 3-4 сұрақтан қойып әңгімесін бітірді.
– Сіздерден не сұрады?
– Не сұрады дерің бар ма? Жәй "Әкең кім? Не істедің? Ауылдансың ба? Егер ауылдан шықсаң малға жем-шөп дайындадың ба?» деген әншейін сұрақтар болды. Бірақ мұның әншейін сұрақ болмағанын кейін білдік ғой,– деп біраз күліп алды Еңбек Ері.
– Содан дейсің бе? Барлығымыз кезегімен жауап бердік. Бір кезде егін алқабындағы бір агрегаттың тұсына тоқтап:
– Бері қараңдар,– деп асықпай сөз бастады. – Сен екеуіңнен агроном шықпайды,– деді менің қасымдағы төрт студенттің екеуіне. Анау екеуі аңтарылып не айтарын білмей аңырап қалды. – Бекер түскенсіңдер оқуға. Уақыттарың зая кетті. Ал, сен үшеуің мамандықтарыңды дұрыс таңдадыңдар,– деді үлкен салалы саусағымен жалпақ кепкасын қисайтып киіп, сосын арқамыздан қақты. – Сендерге сенемін. Менімен болатын екі апталық тәжірибелеріңде біраз нәрсеге қанығасыңдар. Бүгін осымен тәмам,– деді. Кейін бәрі өз орнына келді. Әлгі екеуінің бірі слесарь, бірі аудандағы ауыл шаруашылығы бөлімінде кадр қызметін атқарды. Біздер, яғни үш баланың екеуі сол агроном саласында жұмыс істеп, кейін совхоз директоры қызметіне дейін көтерілдік. Ал, үшінші әріптесім әлі күнге дейін Челябі облысында үлкен кәсіпорында тәжірибелі ғалым-агроном. Терентий Семеновичтің бізге көп тәлімі болды. «Жолда егін өспейді. Нанды таптамаңыздар»,– деп, егістік алқапты баспай, соның бойын жанамалап кішкене грейдер салу керектігін және дән себуге асықпай, алдымен топырақ күннің ыстығымен жылыну қажеттігін үнемі айтатын. Сол дәстүр әлі күнге дейін көптеген шаруашылықта жалғасып келеді емес пе?!
Мұнан әрі Борис Павлович әңгіме тиегін шаруашылықтың жайына бұрды. Биылғы егін орағы науқанына сақадай сай болғандығын, жаңа техникаларын тәжірибеден өткізгендігін баяндады. Бір қызығы, қазір Ресейдің «Акрос» комбайнына Лисаков қаласында «Дон Мар» ЖШС жаңадан шығарған 16 метрлік жатканы (комбайн орағы – автор) сынақтан өткізіпті.
– Бұл туралы барлығы жарысып жазды ғой. Өз басым ғылыми-техникалық прогресске ылғи да қолдау білдіремін. Мынау сынақтан өтіп жатқан комбайн орағы көп жыл бойғы қиялдан туған дүние. Біздің егістік жер көлеміміз тым үлкен. Бір орғанда көп өнім алып қалу қажет. Сонда барлығына уақыт жағынан үлгереміз. Бұл идеяны сол комбайнды шығаратын зауытқа айтып едім, олар құптағысы келмеді. Бір емес, екі рет телефон шалдым басшыларына. Сосын ойласа келіп канадалық бизнесменге идеямды айтып едім, ол: «неге өндіріп көрмеске?» деп, бірлесіп 12 метерлік, кейін 13,5 метрлік комбайн орағын шығардық. Тіпті, бұл да аздық еткен соң әлгіндегі «Дон Марлық» 16 метрлік жатканы тәжірибеден өткіздік. Өте жақсы техника екендігін биыл көрсетті,– деді өз фантазиясынан шыққан өнімге көңілі толып.
Екі сағаттай әңгімелескен біз ауылды аралап көрдік. Әсіресе, сонау ерте кездегі техникаларды жинап, жаңартып қойған, кешегі ауыл тарихынан сыр шертетін мұражайға таңырқадық.
Еңбек Ері Борис Князев бізді ауыл іргесіндегі өзінің 3000 бас ірі қара ұстап отырған мал шаруашылығы кешеніне бастап барды. Мұнда қызу тіршілік жүріп жатыр. Мал дәрігерлері мал пішіп, алдын ала түбіркүлезге қарсы екпе жүргізіп, шөпшілер шөп тасуда.
– Ендігі бағыт – егістік алқап пен қырман басы. Жүріңіздер, сол жерде тамақтанайық. Егістік алқапта ас ішіп көрдіңіздер ме?– деді ол көлігіне от алдырып. Жол бойы біраз әңгіме айтты.
– Түйенің екі өркешіндей анау қос төбе маған ыстық. Бұл төбелер мен ақыр-шақыр мынау адырлар талай шаңдатқан жерлерім ғой. Бұл маңайдан жүріп өтпесем, көңілім бір көншімей қояды. Менің сырласып, мұңдасатын орным – осы сары дала. Уілдеген желі, қиқулап аспанынан ұшқан аққу-қазы – барлығы маған ыстық,– деді ол бір қиялға берілгендей болып.
Әңгімеге елтіп отырып, біз дала төсінде жүрген комбайндарға қалай жеткенімізді аңдамай қалдық. Борис Павлович биыл келген үш жас маманмен таныстырды. Олар әлі студент жастар екен. Жұмысқа қабылдар алдында ескі сынған техниканы беріп: «Егер осы техниканы жөндеп, жүргізіп, шаруашылық пайдасына жаратсаңыздар, сол арқылы нәпақа тапсаңыздар, мен сендердің болашақтарыңа сенемін. Сендерден мықты маман қалыптасып шығады»,– деп оларды бір сынаған екен Еңбек Ері. Сондай-ақ, шаруашылықта биыл ғана оқу бітіріп келген Әбіл Қадырұлы деген жас агроном да қызмет атқарып жүр. Ол алдында ішкі істер саласында еңбек еткен көрінеді. Қызметі ұнамаған соң әкесінің жолын қуып агроном мамандығын тәмамдап, шаруашылықтың бір бөлімшесінде тер төгуде.
Жалпы, Алтынсарин ауылында он ұлттың өкілінен 1496 адам тұрады. Соның 102-сі – зейнеткер, 21-і – мүгедек жандар. Жыл сайын оларға шаруашылық тарапынан қолдау көрсетіліп отырады. Жеке тұрғындарда ірі қара саны –1150, қой-ешкі – 1667, жылқы – 306, шошқа – 1436 бас. Ауылда қазақ және орыс тілінде білім беретін орта мектеп бар. Мәдениет үйі, кітапхана, мұражай шаруашылықтың есебінен қаржыландырылады. 700 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Темір жолдың торабында орналасқан бұл ауылға көбісі қызыға да қызғана қарайды. Оған себеп бар.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ